ҚАЗҰУ САУД АРАБИЯСЫ КОРОЛЬДІГІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДАFarabi University

ҚАЗҰУ САУД АРАБИЯСЫ КОРОЛЬДІГІМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУДА

26 тамыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов пен Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық және Ұмра істері жөніндегі министрі Тауфик бен Фаузан бен Мұхаммад Ар-Рабиа арасында ресми кездесу өтті.

ҚазҰУ-дың бірінші проректоры Еркін Дүйсенов министрге университетке келгені үшін алғыс білдіріп, Сауд Арабиясының жетекші жоғары оқу орындарымен стратегиялық әріптестікті дамытудың маңыздылығын атап өтті. Проректор қонақты университеттің халықаралық қызметі және білім беру бағдарламаларымен де таныстырды.

«ҚазҰУ халықаралық байланыстарды белсенді түрде дамытып келеді. Сауд Арабиясы Корольдігімен ынтымақтастық өзара түсіністікке, білім мен мәдени құндылықтармен алмасуға үлкен серпін беретініне сенімдіміз», – деді Е. Дүйсенов. 

Жүздесу барысында тараптар білім беру, ғылым, академиялық алмасу және жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесі салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.


Әсіресе бірлескен білім беру және мәдени бағдарламаларды ұйымдастыру, ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ ислам мәдениеті, ғылымы мен этикасын дамытуға бағытталған бастамаларды іске асыруға ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде Тауфик бен Фаузан бен Мұхаммад Ар-Рабиа университет тарапынан көрсетілген жылы ілтипаты үшін ризашылығын білдіріп, ҚазҰУ-дың ғылыми және академиялық әлеуетін жоғары бағалады.

«Сауд Арабиясы Корольдігі гуманитарлық және ғылыми байланыстарды дамытуға зор мән береді. Орталық Азиядағы жетекші университеттердің бірі – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен әріптестік орнатқанымыз үшін қуаныштымын», – деп атап өтті министр.

Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға, студенттермен алмасу бағдарламаларын дамытуға және ғылыми конференциялар өткізуге дайын екендіктерін білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі