ҚАЗҰУ СТУДЕНТІ БОСФОР БҰҒАЗЫН ЖҮЗІП ӨТТІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің студенті, танымал спортшы Елдар Шекербек Босфор бұғазы арқылы өткен құрлықаралық жүзуде үздік ондыққа кірді. Босфор бұғазы арқылы құрлықаралық жүзу — әлемдегі ең беделді әрі ауқымды ашық судағы жүзу жарыстарының бірі — Стамбулда өтті.
Биыл Азия жағалауынан Еуропаға дейінгі 6,5 шақырым қашықтықты 81 елден келген 2800-ден астам спортшы бағындыруға тырысты. 19 – 24 жас аралығындағы Masters санатында Елдар Шекербек 6-орынды иеленіп, әлемнің үздік жүзушілерінің қатарына енді.
Босфор арқылы жүзу жарысы Түркияның Олимпиада комитетінің бастамасымен 37-рет өткізілді. Жарысқа қатысушылар өмір бойына құрлықаралық жүзуші мәртебесін алады.
Елдар Шекербек – ашық суда жүзу бойынша Қазақстандағы ең танымал спортшылардың бірі. Оның жетістіктері: 2 км, 5 км және 10 км қашықтықтарда Қазақстан чемпионы, 5 км қашықтықта Азияның абсолютті чемпионы, 3×500 м эстафетасында әлем чемпионы, Парсы шығанағындағы (10 км, БАӘ) жүзуде күміс және қола жүлдегер,10 км қашықтықта Еуропа чемпионы (Испания), 2023–2024 жылдардағы Универсиада жеңімпазы, триатлон мен президенттік көпсайыстан спорт шеберлігіне кандидат,ашық суда жүзуден Қазақстан Республикасының спорт шебері.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

