ЖИ мамандары жаңарған факультетте даярланадыFarabi University

ЖИ мамандары жаңарған факультетте даярланады

4 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультеті – ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті болып жаңартылды.

Қазақстан халқына жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаппай цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу елдің стратегиялық бағытының негізгі басымдығы болуы тиіс екенін атап өтті. Президент технологиялық прогресс жағдайында адамдық ойлау қабілеті мен эмпатияны сақтаудың маңыздылығына тоқталып, жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудегі ықтимал тәуекелдерді ескеруге және академиялық адалдықты қамтамасыз етуге шақырды.

Факультет деканы Тимур Иманқұловтың айтуынша, факультеттің негізгі мақсаты – ұлттық экономиканың қарқынды дамуын үдету үшін  ЖИ пен IT-секторына әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау. Осы мақсатта факультет жаңартылып, оның атауы мен мазмұны жаңа талаптар мен халықаралық үрдістерге сәйкестендірілді. Бұл өз кезегінде елдегі және халықаралық білім беру кеңістігін дамытуға елеулі үлес қосатын ғылыми-білім беру орталығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлері бойынша білім беретін төрт кафедра жұмыс істейді:

Ақпараттық жүйелер кафедрасы – «Ақпараттық жүйелер», «Есептік лингвистика», «Жасанды интеллекті бар жоғары жүктемелі ақпараттық жүйелер», «Индустриялық ақпараттық жүйелер» мамандықтары бойынша білім береді.

Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасы – «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері», «Криптология» және «Ақпараттық қауіпсіздік аудиті» бағыттары бойынша мамандар даярлайды.

Компьютерлік ғылымдар кафедрасы – «Компьютерлік инженерия», «Компьютерлік ғылымдар», «Жүйелік инженерия» және «Педагогикалық информатика» бағдарламаларын ұсынады.           Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы – «Автоматтандыру және басқару», «Заттар интернеті және Big Data», «Деректер ғылымы», «Интеллектуалдық басқару жүйелері», «Бизнес-талдау және Big Data», «Машиналық оқыту және деректерді талдау» бағыттары бойынша мамандар даярлайды.

Факультетте жоғары білікті профессор-оқытушылар құрамы жұмыс істейді. Олардың қатарында елімізге белгілі тәжірибелі оқытушылар, жас ғалымдар және индустрияда мол тәжірибесі бар кәсіби мамандар бар.

Жаңарған факультет қызметі заманауи цифрлық технологиялармен байланысты күрделі міндеттерді шешуге қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі