Интерактивті силабустар – Шығыстану факультетінде білім сапасын арттырудың тиімді құралыFarabi University

Интерактивті силабустар – Шығыстану факультетінде білім сапасын арттырудың тиімді құралы

4 қыркүйек, 2025

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде интерактивті силабустарды ұйымдастыру мен жоспарлауға арналған мазмұнды семинар өтті. Семинар жұмысына Академиялық мәселелер департаменті директорының орынбасары А.А. Мусинова, Академиялық және цифрлық инновациялар офисінің жетекшісі И.И. Круговых және Басқарушылық қызметті ақпараттық қолдау бөлімінің бастығы А.С. Алқожаева қатысты.

Семинар факультеттің профессорлық-оқытушылық құрамының үлкен қызығушылығын тудырды. Қатысушылар білім сапасын арттыру, әдістемелік мәселелерді жетілдіру және оқу процесіне инновациялық шешімдерді енгізу бағытындағы кең ауқымды тақырыптарды талқылады.

Әсіресе интерактивті силабустың заманауи білім беру құралы ретіндегі маңызына ерекше көңіл бөлінді. Оқытушылар үшін бұл құрал оқу үдерісін икемді жоспарлауға, цифрлық платформаларды тиімді қолдануға, бағалау жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етуге және студенттермен жедел кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Ал студенттер, магистранттар мен PhD докторанттар үшін интерактивті силабус пәннің мақсаттары мен міндеттерін нақты түсінуге, жеке оқу жетістіктерін қадағалауға, білім алу процесіне белсенді араласуға және өзіндік білімді дамыту дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасайды.

Осылайша интерактивті силабустарды енгізу ашық, серпінді әрі нәтижелі академиялық ортаны қалыптастыруға ықпал етеді. Мұнда білім беру үдерісі оқытушы мен білім алушы арасындағы өзара ынтымақтастық пен диалог негізінде жүзеге асады.