Жапондықтармен ЖИ бойынша тәжірибе алмасуFarabi University

Жапондықтармен ЖИ бойынша тәжірибе алмасу

5 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов Жапонияның Ниигата қаласындағы Жоғары кәсіпкерлік мектебінің делегациясымен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың келешегі мен өзекті бағыттарын талқылады.

Басқосуда бірінші проректор алдымен Қазақстан мен Жапония арасындағы өзара жемісті ынтымақтастықты атап өтті. «Соңғы жылдары екіжақты қарым-қатынас экономика, инвестиция, білім және мәдениет салалары бойынша айтарлықтай нығая түсті. Біз мәдени шаралар мен бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы өзара ынтымақтастықты тереңдетуге ниеттіміз», – деді ол .

Өз кезегінде Жоғары кәсіпкерлік мектебінің президенті Тацуя Курода өзі басқаратын оқу ордасының қызметімен таныстырып, өзара әріптестікті орнатуға деген ниетін білдірді. Ол жасанды интеллект саласындағы мүмкіндіктерге ерекше тоқталды. Курода жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы компания айтарлықтай жетістіктерге жеткенін ерекше атап өтті.

«Бұған дейін біз магистрлерді даярлаумен айналысқан болсақ, енді алдағы уақытта докторлық деңгейде білім беру курстарына қабылдауға рұқсат алдық. Біздің басты ерекшелігіміз – ізденушілерге бизнес бастау қабілеттері мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған білім беру», – деді мәртебелі қонақ.

Кездесу қорытындысында екі тарап ғылыми зерттеулер, жоғары білім және инновациялар саласында өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі