ҚазҰУ түлегі LOCALINTERNational 2025 байқауының іріктеуінен өтті

Түркия муниципалитеттер одағы LOCALINTERNational 2025 халықаралық бағдарламасының қатысушылар тізімін жариялады. Биыл байқауға қатысуға әлемнің әртүрлі елдерінен 21 900-ден астам студент өтініш білдірген. Академиялық үлгерім, мотивациялық эссе және бейнесұхбатты қамтыған көпсатылы іріктеу нәтижесінде 20 қатысушы ғана таңдалды. Олардың қатарында ҚазҰУ-дың география және табиғатты пайдалану факультеті Рекреациялық география және туризм кафедрасының түлегі Әмина Шырынтай үздік қатысушылар тізіміне енді.
LOCALINTERNational бағдарламасы 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді және студенттерге Түркияның жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесімен танысуға бірегей мүмкіндік береді. Осы уақытқа дейін бұл бағдарламаға 60 елден 300-ден астам студент қатысқан.
Биыл бұл бағдарлама 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Анкара, Эскишехир және Ыстамбұл қалаларында өтуде. Қатысушылар муниципалитеттердің жұмысымен танысып, білім беру және мәдени орталықтарды, бұқаралық ақпарат құралдары мен маңызды ұйымдарды аралайды. Бағдарлама аясында тақырыптық тренингтер, мемлекеттік орган өкілдерімен кездесулер, сондай-ақ түрік қалаларының тарихы мен дәстүрлерін жақынырақ таныстыруға бағытталған мәдени турлар ұйымдастырылған.
LOCALINTERNational 2025 бағдарламасына біздің түлегіміздің қатысуы ҚазҰУ түлектерінің жоғары деңгейде даярланғанын көрсетеді. Бұл олардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін растап, университеттің сұранысқа ие мамандарды даярлайтын, жастар мен білім беру саласындағы жаһандық бастамаларға белсенді атсалысатын беделді орталық ретіндегі имиджін нығайта түседі.
Бұл жетістік «Сапалы білім беру», «Тұрақты қалалар мен қауымдастықтар», «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» және «Мақсаттарға қол жеткізу жолындағы әріптестік» сияқты БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен үйлеседі, себебі ол студенттердің құзыреттіліктерін дамытады, жастардың жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысуын нығайтады және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

