Цифрлық трансформацияны дамыту-жарқын болашақтың кепіліFarabi University

Цифрлық трансформацияны дамыту-жарқын болашақтың кепілі

8 қыркүйек, 2025

 

 

                              Байдалиев Дархан Дәулетжанұлы

Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының аға оқытушысы, п.ғ.к.

 

Қазіргі кезде, жер бетіндегі әрбір мемлекет үшін цифрлық трансформация-бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторына айналып отыр. Дүниежүзіндегі дамыған елдер цифрлық технологияларды әлеуметтік- экономиканың барлық салаларына енгізу арқылы өздерінің ішкі  және сыртқы жалпы өнімін арттырып отыр.

Мемлекет басшысының қай Жолдауы болмасын Қазақстанның жасампаздығы мен жаһандық бәсекелестіктегі рөлін айқындап, заманауи дамудың кешенді іргетасын қалауға мейлінше үлес қосып отырғаны айдан анық. Бүгінгі Мемлекет басшысының Жолдауының басты ерекшелігі-еліміздің әлеуметтік-экономикалық, саяси дамуына қатысты нақты мәселелерді көрсетіп, жүзеге асыру жолдарын егжей-тегжейлі көрсетіп беруімен құнды болды.

Жаһандану үдерісі терең қарқын алып, бәсекелестік артқан тұста, Қазақстан Республикасы үшін де цифрлық трансформацияны заманауи талаптарға сай дамыту - жарқын болашақтың кепілі саналады. Қазіргі кезде цифрлық трансформация - бұл технологияларды жай ғана енгізумен емес,  сайып келгенде қоғамның, экономиканың және мемлекеттік басқарудың түбегейлі өзгеру процесімен де байланысты болып отыр.

Бұл бағыт біздің еліміздің экономикасын әртараптандыру, мұнайға тәуелділіктен арылу және барлық жаңа, инновациялық салаларды дамыту үшін аса маңызды.

Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі Жолдауы заманауи үдерістерге сай, қазақстандықтардың жақсы тұрмысын ғана емес, айқын мақсатқа жұмылдырылған болашағын діттейтіндігімен құнды.

Еліміздің болашақтағы дамуына - индустрияны цифравизациялау, инвестиция тарту, жаңа технологияларды, инновациялық жобаларды енгізу, жасанды интеллектіні дамыту маңызы айтпаса да түсінікті. Технология мен инновацияны жұрт игілігіне жарату – біздің елімізде ғана емес, дүние жүзінде күн тәртібінде тұр. 

Әрбір елдің болашағы келер ұрпаққа берілетін сапалы білімімен байланысты екенін ескерсек, бүгінгі Жолдауда білім және ғылым саласына байланысты мәселелер де назардан тыс қалмады. Инновациялық экожүйелерді құру және цифрлық сауаттылықты арттыру арқылы біз әлемдік аренада өзіміздің лайықты орнымызды көрсете аламыз. Осы орайда мектеп бағдарламасына жасанды интеллектіні енгізу - бұл білім беру саласындағы ең маңызды қадамдардың бірі. Бұл тек технологиялық жаңалық қана емес, сонымен қатар оқу-тәрбие процесін түбегейлі өзгертетін стратегиялық шешім деп ойлаймыз.

Қашықтан оқытудың оңтайлы әрі тиімді тәсілдері және жасанды интеллект технологиясы негізінде «Qazaq Digital Mektebi» атты шағын жинақты мектеп үлгісін әзірлеу білім беруді оңтайландырып қана қоймай  білім алушыларды сапалы әрі қолжетімді оқу тәсілдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі жаңа инновациялық саясатты еліміздің ғылыми-технологиялық басымдықтарымен үйлестіру Қазақстанның алдағы даму саясатына өте қажет.  Өйткені осындай нақтылы іс-әрекеттер, шет елдік үздік тәжірибелерді енгізу экономикамен қатар жоғары оқу орындарындағы қолданбалы ғылымның әлеуетін артыра түседі. Осы орайа Президент Жолдауында жасанды интеллектіні кеңінен қолданып, тәжірибеде жүзеге асыратын университеттерге көбірек дербестік беру мәселесі – еліміздің педагогтері мен ғалымдарын қуантатын жағдай.

Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауындағы, өңдеу өнеркәсібіне көңіл бөлу, экономиканы әртараптандыру, жоғары сапалы инвестицияларды тарту, автомобиль өнеркәсібі, металлургияны дамыту және шикiзат өндірісі, туризмді заманауи талаптарға сай дамыту мәселелерімен бірге еліміздің болашақтағы саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге байланысты шешімі де өзінің оң нәтижесін берері даусыз.

Жолдауда, 2027 жылдан бастап бір палаталы парламентке көшу мәселесі де назардан тыс қалмады. Өз кезегінде бұл бастама – заң шығару үдерісін оңтайландырып, бюрократилық жүйеге тосқауыл бола алады деген ойдамыз.

Әлемдік тарихқа назар аударсақ, елдің экономикасы демократиялық негізде қарыштап дамыған сайын,  әлеуметтік теңсіздік мәселесі де шешімін тауып, халықтың тұрмысына да оңтайлы әсер ететінін аңғару қиын емес. Президент Жолдауында осы мәселе де назардан тыс қалмай еліміздің әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған жаңа механизмдерді қолдануға назар аударылды.

Әрбір азаматтың жүрегіне жарқын жол тапқан бұл Жолдау – алдағы уақыттағы еліміздің түбегейлі цифрлық жаңғыруын қамтамасыз етіп,  халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бастайтын жол болары даусыз. Осы орайда алдымызда маңызды стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыруға үлес қосу  баршамыздың борышымыз деп санаймыз.