ҚазҰУ мен CNRS Францияда археология бойынша мастер-класс өткізудеFarabi University

ҚазҰУ мен CNRS Францияда археология бойынша мастер-класс өткізуде

10 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Францияның Жонзак қаласында өтіп жатқан Орталық Азияның жас археологтарына арналған халықаралық мастер-класқа қатысуда.

Мастер-класс ҚазҰУ жанынан құрылған «Орталық Азияны зерттеу жөніндегі археозоологиялық орталық – ZooStan» алғашқы қазақ-француз ғылыми орталығының ұйымдастыруымен және Францияның жетекші ғылыми мекемесі – CNRS-тің қолдауымен өтуде.

Мастер-кластың ашылу салтанаты Францияның Орталық Азия елдеріндегі елшіліктері, Францияның Мәдениет министрлігі, Шарант-Маритим аймағы және Қазақстанның Франциядағы елшілігінің қолдауымен өтті.

Іс-шараны Қазақстанның Франциядағы төтенше және өкілетті елшісі Гүлсара Арыстанқұлова ашып, ҚазҰУ басшылығына алғысын білдірді.

Тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып, археология саласындағы халықаралық әріптестіктің маңыздылығын атап өтті.

Мастер-класта Франция, Италия, Перу, Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан келген жетекші мамандар дәріс оқуда. Бағдарламада археологиялық қазбалар, зертханалық жұмыстар, далалық жаттығулар, архивтік материалдармен жұмыс және Лез-Эйзи мен Ангулем қалаларына экскурсиялар қарастырылған.

Мастер-класс 2025 жылғы 17 қыркүйекке дейін жалғасады. Іс-шара болашақта бірлескен зертханалар мен ғылыми жобаларды дамытуға негіз болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі