ҚазҰУ Алматыны дамытуға ғылыми шешімдер ұсынады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес отырысына қатысып, қаланың дамуына қатысты өзекті мәселелер бойынша баяндама жасады.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған бастамалар негізге алынып, мегаполистің негізгі сын-қатерлері мен оларды шешудің ғылыми жолдары талқыланды.
Басқосуда Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Президент жолдауындағы маңызды бастамаларға қатысты өз ойымен бөлісті. Ол ғылыми қауымдастықпен бірлесіп жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды енгізу арқылы қаланың дамуын жеделдету, экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындардың өмір сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті.
ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев өз баяндамасында Алматының басты түйткілдері ретінде атмосфералық ауаның ластануы, мұздықтардың еруінен туындайтын сел және су тасқыны қаупі, жоғары сейсмикалық белсенділік, урбанизациядан туындайтын инфрақұрылымдық жүктеме және әлеуметтік теңсіздіктерді атады. ҚазҰУ осындай сын-қатерлерді еңсеруге бағытталған ғылыми әрі инновациялық нақты шешімдер ұсынатынын жеткізді.
Президент жолдауында ерекше назарға алынған жасанды интеллект технологиялары бүгінде ҚазҰУ жобаларының негізіне айналды. Университет ғалымдары суперкомпьютерлер мен нейрондық желілерді қолдана отырып, Алматыға тән табиғи апаттар – жер сілкінісі, сел, лай көшкіндері сияқты құбылыстарды ерте болжауға арналған геоақпараттық жүйе жасап шығаруда. Бұл жүйе қауіпті аумақтарды картаға түсіріп, тұрғындарды алдын ала ескертуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар шаһар экологиясын қорғау да басты назарда. ҚазҰУ әзірлеген интеллектуалды мониторинг жүйесі ауадағы зиянды газдар мен метан деңгейін нақты уақыт режимінде бақылайды.
Жетекші университет ғалымдары әзірлеген маңызды ұсыныстың бірі – қала инфрақұрылымын басқаруға арналған 3D-кадастр платформасын құру. Бұл цифрлық шешім қала аумағындағы құрылыс, жолдар мен коммуналдық желілерді тиімді басқаруға мүмкіндік береді. Мысалы, бұл платформа арқылы құрылыс жобаларының үйлесімділігі тексеріліп, қаланың даму жоспары нақты деректерге сүйенеді.
Бұдан бөлек, ҚазҰУ экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін топырақ микробиомын зерттеп, табиғатты қорғаудың ғылыми негіздерін жасамақ.
Сондай-ақ баяндамада университет басшысы Алматы қаласының тұрақты дамуына үлес қосатын заманауи шешімдерге де тоқталды. Ректордың айтуынша, ҚазҰУ ұсынып отырған ғылыми-инновациялық шешімдер Алматының нақты мәселелерін шешуге бағытталған. Табиғи апаттардан қорғау, қоршаған ортаны сақтау, инфрақұрылымды басқару, денсаулық сақтау мен цифрлық технологияларды енгізу – мұның бәрі қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға қызмет етеді.
Аталған университет жобалары Алматының ғана емес, бүкіл елдің ғылыми-технологиялық дамуына серпін беретін маңызды бастамалар қатарында.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


