Президент жолдауы цифрлық қоғам және жасанды интеллектіні дамытуға арналғанFarabi University

Президент жолдауы цифрлық қоғам және жасанды интеллектіні дамытуға арналған

8 қыркүйек, 2025

 

Дүйсенбаев Абай Қабақбайұлы

Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент

 

Жолдауда дүние жүзін жайлап отырған күрделі экономикалық әрі саяси дағдарыстардың салқыны тиген қазақстандық қоғамды осы тығырықтан шығарудың ұтымды жолдарын іздестіру, прагматикалық саяси және экономикалық реформалар негізінде мықты мемлекет ретінде қарқынды даму мәселелері аталмыш  алқалы жиында талқыланды.  Ел Президенті әлемде шиеленіс ушыға түскенін, оның проблемалары туралы атап өтті, яғни «кейбір мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатында әсіре ұлштылдық күшейді. Әлем экономикасында теңсіздіктер мен қайшылықтар ушыға түсті. Кейбір мемлекеттер экономикалық дамуда артта қалып, ал кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табысқа жетуде. Халықаралық татулықтың мән-маңызы кете бастады. Ал БҰҰ өзінің рөлі мен мәртебесіне сай қазіргі түйткілдерді шешуге қауқарсыз болды. Батыстағы этносаралық дінаралық үйлесім мен мәдени әр алуандық дағдарысқа ұшырады», - деді.

Қазіргі кезде әлемде және көрші елдердегі әлеуметтік-экономикалық, геосаяси жағдайдың қиын кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауы үлкен тарихи маңызға ие. Бүгінгі Қазақстан халқының жарқын болашағына бағыт-бағдар беретін Президентіміздің осы жылғы Жолдауы халқымыздың ынтымағын нығайтып, олардың мұң-мұқтаждарын тыңдап қана қоймай, сол қажеттіліктерді шешуге айқын іс-әрекеттер көрсетілді. Еліміздің азаматтарының тұрмыстық ахуалын арттыруды көздеген әлеуметтік шаралар жасау тұрғысындағы мақсаттар белгіленіп, басты назарды азаматтардың қауіпсіздігі және жасанды интеллект пен цифрлық әлеуетті дамыту туралы: «Әлемде жаңа геосаяси тәртіп орныға бастады. Қазақстан әлем қауымдастығының мүшесі ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр болса да, жаппай цифрландыру, жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық», – деп түсіндірді Президент.

Қазіргі кезде жасанды интеллектінің дамуы қазірдің өзінде жастар мен қоғамның мінез-құлқына әсер етіп жатқанын жеткізді. Яғни: «Мен алдымызға өте маңызды стратегиялық міндет қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек. Алдымен цирфлық кодексті қабылдауды тездетуіміз керек. Сондықтан қазіргі құзырлы Министрліктің негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын», деді. Мұндай приоритетті жоспар елдің цифрлық мүмкіндігін жоғарылатып, озық технологияларды пайдаланудың алғышарттарын құрайды. Оның негізін мектеп оқушыларына да «Жасанды интеллект негіздері» атты бағдарламаны енгізу қажеттігі кезек күттірмейтін мәселе екендігін атап өтті. Цифрлық кодексті қабылдауды жеделдету қажеттігі туралы: «Аталған заң жасанды интеллекті, платформалық экономиканы, үлкен деректерді пайдалану мен басқа да аспектілерді қамти отырып, цифрландырудың негізгі бағыттарын айқындауға тиіс және жаңа технологиялық құрылымның бір бөлігіне айналуы керек және мемлекеттік басқару жүйесінің бүкіл құрылымын қайта құрып, оның ашықтығын, тиімділігін және адамға бағытталуын бірнеше есе арттыру талап етіледі», – деді Перзидент.

Сонымен қатар Президент нағыз дамыған ел боламыз десек, саяси реформалармен шектеліп қалуға болмайтынына назар аударып, осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет екенін айтты. Яғни, елімізде парламенттік реформа жүргізіп, бір палаталы парламент құрудың маңызы туралы бүгінгі жолдауда: «Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді», – деді. Бұл сараланған салмақты стратегиялық ой деп білемін. Бүгінгі жолдау халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді және нақты бағыт-бағдарымызды айқындағаны мәлім. Халқымыздың бар қажеттіліктері ескеріліп, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Жолдау болашағымыздың іргесін нықтауға міндеттейді. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын.

Мемлекет басшысы Жолдауда өңдеуші және тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистика, қаржы, IT және цифрландыру, су ресурстары, креативті индустрияны дамыту жөнінде Үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Сондай-ақ мемлекеттің экономикаға ықпалын азайтуға, экономиканы монополиядан арылтуға, макроэкономикалық саясатты қайта қарауға, салық, бюджет саясатын және әкімшілік басқару жүйесін реформалауға қатысты бірқатар маңызды бастама көтерді.

Жаһандық дүрбелең дәуірінде біздің халқымызға біртұтас болудан басқа жол жоқ екенін ескерткен Мемлекет басшысы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру – басты міндетіміз екенін қадап айтты. Олай болса, жолдаудың басты бағыты  Қазақстанда игіліктерді бәріне бірдей бөлетін әділетті қоғам орнату болғандықтан, осы бір салиқалы саясат одан әрі жалғастырылады деп сенеміз. «Қазақстан – біздің жалғыз ғана Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда. Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз», деді Мемлекет басшысы.

Жемісті еңбек етіп, Жолдаудың орындалуына үлес қосу міндеміз. Айқын мақсат пен мазмұнды жобаларды жүзеге асыруға атсалысайық!