«Jastar Generation – 2025» жастарға серпін бердіFarabi University

«Jastar Generation – 2025» жастарға серпін берді

15 қыркүйек, 2025

Әл‑Фараби атындағы ҚазҰУ-да  Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты – «Ассамблея жастары» ұйымдастырған халықаралық «Jastar Generation – 2025»  жастар лагері қатысушыларының кездесу шарасы өтті.
«Jastar Generation – 2025» халықаралық жастар лагерінің мақсаты – Орталық Азия жастары арасында этносаралық диалогты дамыту және бірлескен жобаларға жол ашу.

Мотивациялық кездесудің спикері ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі, Brave Talents медиакомпаниясының негізін қалаушы Алмас Жали болды. Ол қатысушыларға өзінің Назарбаев университетіндегі оқуынан шығып қалған кезеңінен  басталған жетістікке жету жолын айтып берді.

Бұл болашақ кәсіпкерді тоқтатпады, ол табысты түрде заңгерлік білім алды, танымал блогерлер және вайнерлермен араласып, ортақ жобалар жасады. Бүгінде Brave Talents медиакомпаниясы таланттарды қолдаумен  айналысады.

Еркін кездесу форматында спикер қатысушылардың сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

Содан кейін «Jastar Generation – 2025» лагерінің аясында кросс‑мәдени лидерлік бойынша шеберлік сабағы өтіп, оны Қазақстан халқы Ассамблеясының шығармашылық ұжымдары қауымдастығының төрайымы, «Ұлттық Дельфий Комитеті» корпоративтік қорының директоры Құралай Түспекова жүргізді. «Кросс‑мәдени лидерлік – бұл басқару мен менеджмент стилі, жаһандану дәуірінде көптеген ұйымдардың қызметі бір елдің, бір ұлттың шеңберінен шығып жатқандықтан, бұл қабілеттер біздің жас көшбасшылар үшін халықаралық аренада тиімді болу үшін өте маңызды», – деді шеберлік сабағын жүргізуші.

Шара соңында жастар лагері қатысушылары үшін Open Air форматында көңіл көтеру кеші ұйымдастырылды. Танымал шоумен Даниэль Джеймс пен DJ Alsy жастарға ерекше музыкалық кеш сыйлады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі