
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов Johns Hopkins Medicine International ұйымының делегациясымен ресми кездесу өткізді. Тараптар университеттің халықаралық байланыстарын кеңейту және ғылыми-оқытушылық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Кездесуде Еркін Дүйсенов алдымен оқу орнының жетістіктерін атап өтіп, АҚШ жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық аясында атқарылып жатқан жобаларға тоқталды.
«ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінде орналасқан Ресурстық орталық Қазақстан мен АҚШ арасындағы білім беру мен ғылыми зерттеу байланыстарын дамытуға белсенді ықпал етуде. Студенттік мобильдік бағдарламалар, жазғы мектептер, академиялық тағылымдамалар мен ғылыми конференциялар арқылы тәжірибе алмасуды және халықаралық қатынастарды нығайтуды қамтамасыз етеді», – деді проректор.
Сондай-ақ 2024 жылғы 29 сәуірде ҚазҰУ мен Пенсильвания университеті арасында білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған меморандумға қол қойылды. Бұл келісім аясында университеттер оқытушылар мен студенттер алмасып, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізеді және халықаралық конференциялар мен симпозиумдар ұйымдастырады.
Кездесуде ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің ЮНЕСКО кафедрасы мен Дональд П. Беллисарио колледжі арасындағы ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Биылғы 10-16 наурыз аралығында колледжден доктор Кэтлин О’Тул мен 10 студенттің халықаралық репортаж курсы аясында келуі Қазақстанды зерттеп, телебағдарлама идеяларын іздестіруге мүмкіндік берді. Бүгінде ҚазҰУ АҚШ-тың 19 университеті және ұйымдарымен серіктестік орнатқан.
Johns Hopkins Medicine International вице-президенті, доктор Лоран Моро өз сөзінде екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін білдіріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын ұсынды.
Кездесу нәтижесінде қос тарап білім, ғылым және медицина салаларындағы бірлескен жұмыс бағыттарын қарастырып, өзара тәжірибе алмасу және студенттік мобильділікті жандандыруға қызығушылық танытты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

