ҚазҰУ мен Welt Konnect байланысы нығаядыFarabi University

ҚазҰУ мен Welt Konnect байланысы нығаяды

18 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Басқарма мүшесі – бірінші проректор Еркін Дүйсенов пен пәкістандық инженерлік және құрылыс компаниясы – WELT KONNECT PVT. LTD. (WKPL) өкілдерінің жұмыс кездесуі өтті.

Компания энергетика және инфрақұрылым салаларында «қолдан – қолға» жобаларын кешенді түрде жүзеге асыруға маманданған.

Кездесуде Еркін Дүйсенов: «Пәкістан тарапының біздің университетпен байланысты нығайтуға деген ұмтылысын жоғары бағалаймыз. ҚазҰУ ғылыми зерттеулерді дамытуға және халықаралық білім беру серіктестігін кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларға ашық», – деп атап өтті.

Келіссөз барысында ҚазҰУ Пәкістан жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлетіні айтылды. Қазіргі таңда ҚазҰУ-да 42 пәкістандық студент білім алуда. Университет Пәкістанның Карачи университеті, Лахор университеті, Куаид Азам университеті, Пенджаб университетімен және халықаралық COMSATS ұйымымен жасалған келісімшарттарды жүзеге асырып отыр. COMSATS ұйымында ҚазҰУ        Қазақстандағы үздік тәжірибе орталығы мәртебесіне ие. Университет базасында 2018 жылы климат және тұрақтылық мәселелері бойынша COMSATS орталығы құрылды. Сонымен қатар 2022-23 жылдары университет шетелдік ғалымдарды тарту мемлекеттік бағдарламасы аясында Пәкістаннан келген сарапшыны қабылдады. Басқосуда тараптар білім беру, ғылым және цифрлық технологиялар саласындағы болашақ ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

WELT KONNECT PVT. LTD. компаниясының өкілдері өз қызметін тұрақты энергия көздерін дамытуға, желілерді және нарықтық құрылымдарды жаңғыртуға бағытталған инновацияларға, сапаға және ұзақ мерзімді серіктестікке басымдық беретінін атап өтті.

Тараптар ынтымақтастықты жандандыруға және нақты өзара іс-қимыл бағыттарын әзірлеуге дайын екендерін көрсетті.

Кездесу соңында делегация Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығының, Жерді қашықтықтан зондтау орталығының және ҚазҰУ суперкомпьютер кластерінің жұмысымен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі