Әріптестік қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілудеFarabi University

Әріптестік қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілуде

15 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасы мен еліміздің нарығында майлағыш материалдар өндірісімен кеңінен танымал «Лукойл Лубрикантс Центральная Азия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында тығыз әріптестік қарым-қатынас орнаған. Ынтымақтастық білім беру, өндірістік тәжірибе ұйымдастыру және студенттердің кәсіби бейімделуін қамтамасыз ету бағыттарында табысты жүзеге асырылуда.

Ел Президенті өз Жолдауында атап өткендей, еліміз шикізатты өндірумен ғана шектелмей, оны терең өңдеу арқылы бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруға ұмтылуы қажет. Осы мақсатта ғылым, жоғары білім және өндіріс үштігінің өзара ықпалдастығын күшейту маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Жаңа оқу жылының басында аталған өндірістің оқыту және бейімдеу орталығының мамандарымен бірге биылғы оқу жылында серіктестік деңгейінде атқарылатын маңызды іс-шараларды айқындау мақсатында кездесу өтті. Осы тұрғыда өндірістік база негізінде оқу процесін тәжірибемен ұштастырудың маңызы зор. Оқу процесін өндірістік тәжірибемен ұштастыру – болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттырып, заманауи өндірістің нақты талаптарына бейімделуіне жол ашады. Студенттер өндірістік ортада туындайтын проблемалық жағдайларды тікелей бақылап, оларды шешудің жолдарын үйренеді, практикалық дағдыларын шыңдайды.

Кездесу барысында «6В05314 – Мұнайхимия және химмотология» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын студенттер үшін дуалды білім беру жүйесін енгізу мәселесі жан-жақты талқыланды. Бұл бастама студенттердің теориялық білімін өндірістегі тәжірибемен ұштастырып, еңбек нарығында сұранысқа ие білікті кадрларды даярлауға ықпал ететін болады.

Осылайша, университет пен өндіріс арасындағы серіктестік өзара тиімді ықпалдастықты қамтамасыз етіп қана қоймай, еліміздің ғылымы мен экономикасының дамуына да елеулі үлес қосады.

Физикалық химия катализ және

 мұнайхимия кафедрасының

доцент м.а. Қанапиева Ф.М.