Үндістанмен ғылыми байланыс артадыFarabi University

Үндістанмен ғылыми байланыс артады

22 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Сайлас Тхангалмен келіссөз жүргізді.

Кездесуде ҚазҰУ мен Үндістан ЖОО-лары арасындағы ынтымақтастықты нығайту және әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев құрметті елшіге университеттің соңғы жетістіктерін таныстырып, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісті.

Ректор өз сөзінде ҚазҰУ мен Үндістан жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік байланыс қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда 10 үндістандық университет ҚазҰУ-мен тығыз жұмыс істеп келеді. Дегенмен Жансейіт Түймебаев алдағы уақытта ғылыми бағытта ынтымақтастықты жандандыру, студенттер алмасу, білікті мамандарды бірлесіп даярлау қажет екенін жеткізді.

«Үндістаннан келетін студенттердің көбі медицина факультетін таңдайды. Бұл жоғары сұраныстың бар екенін дәлелдейді. Болашақта ҚазҰУ-дағы өзге мамандықтарға студенттерді тарту аса маңызды. Бұған қосымша қос тарап ортақ конференциялар өткізіп, ғалымдардың тағылымдамадан өтуіне жағдай жасауымыз керек. Сондай-ақ Үндістан кітапханаларында Қазақстан мен Орталық Азия тарихына қатысты деректер болса, университет ғалымдары  ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге дайын», – деді Жансейіт Түймебаев.

Өз кезегінде елші Сайлас Тхангал жүздесуде айтылған барлық бастамаларды қолдайтынын айтып, ҚазҰУ мен Үндістандағы көшбасшы ЖОО-лар арасындағы серіктестікті дамытуға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.

Жүздесуден соң Сайлас Тхангал ҚазҰУ-да білім алып жатқан үндістандық студенттермен кездесті. Елші жастардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, білім алуда белсенділік танытуға шақырды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Үндістаннан келген 503 студент білім алады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі