ҚазҰУ-дағы жапонтану бөлімінің 1-курс студенттері үшін қабылдау кеші ұйымдастырылдыFarabi University

ҚазҰУ-дағы жапонтану бөлімінің 1-курс студенттері үшін қабылдау кеші ұйымдастырылды

24 қыркүйек, 2025

 Қабылдау кешіне Қиыр Шығыс кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы мен жапонтану бөлімінің білімгерлері қатысты. Сонымен бірге, кештің қадірлі қонақтары ретінде Қазақстанға оқуға келген Токио университеті, София университеті, Токио шет тілдер университеті, Кобе университетінің студенттері де шақырылды.

       Кездесу барысында алғаш болып Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Абаған Ақерке Болатбековна және жапонтану бөлімінің меңгерушісі Шадаева Мадина Тынышбековна сөз сөйлеп, 1-курс студенттерін оқудың басталуымен құттықтады. Содан соң Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы, 2-курс студенттерінің куратор-эдвайзері Тазабекова Гульмира Бимухановнаның ұйымдастыруымен дайындалған жапонтану бөлімінің 2-курс студенттерінің арнайы концерттік бағдарламасы  көрермен назарына ұсынылды.

       Іс-шара аясында 2-курс студенттері Шарипов Бимукан, Тайыржанұлы Таңжарық, Данильченко Сергей, Корнилова Ева, Горенко Данил, Тыныбеков Амир жапон және орыс тілдерінде танымал әндерді орындап берді. Сонымен қатар, Корнилова Ева мен Рахметова Томирис  «Ками но мани мани» атты жапон биін билесе, Сағатбек Айғаным мен Болатбек Сая  «Алтыным» әнін орындап берді. Сондай-ақ, академиялық ұтқырлық бағдарламасы негізінде бір жыл бойы ҚазҰУ-да білім алған жапондық студент, Кадзухиро Уно Қазақстан жөнінде арнайы өзінің бейнеролигін дайындап, көрермен назарына ұсынды.

       Қабылдау кешінің соңғы бөлігінде күншығыс елінің тарихы мен мәдениетіне қатысты презентациялар көрсетілді, викториналар мен ойындар ұйымдастырылды. Дұрыс жауап берген студенттерге құнды сыйлықтар таратылды. Концерттік бағдарлама аяқталғаннан кейін жиналған қауым үшін кішігірім дастархан жайылып, фуршет ұйымдастырылды.  Іс-шара өте жылы және достық жағдайда өтті.

Қиыр Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Тазабекова Г.Б.