ҚазҰУ-да корей тілін оқыту мен бағалаудың жаңа әдістері талқыландыFarabi University

ҚазҰУ-да корей тілін оқыту мен бағалаудың жаңа әдістері талқыланды

25 қыркүйек, 2025

2025 жылғы 24 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде Қиыр Шығыс кафедрасының ұйымдастыруымен арнайы іс-шара өтті. Іс-шараға факультет оқытушылары Абаган А. Б., Хамитова Н. Е., сондай-ақ шығыстану факультетінің студенттері қатысты. Құрметті қонақтар қатарында Ұлттық корей тілі институтының өкілдері, сондай-ақ Сангмён және Хонам университеттерінің профессорлары болды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – корей тілі мамандарының кәсіби құзыреттілігін арттыру. Қатысушылар корей тілінің орфографиялық нормаларын меңгеру, сөйлеуді оқыту мен бағалау әдістерін жетілдіру, сондай-ақ білім беру үдерісінде заманауи EduTech технологияларын қолданудың тәжірибелік қырларын талқылады.

Бағдарлама аясында Шығыстану факультетінің деканы Эгамбердиев Мырзахан Шәрипбайұлымен кездесу, корей тілінің стандарттары, оқыту және бағалау әдістемелері, сондай-ақ цифрлық технологияларды практикалық оқытуда қолдануға арналған арнайы дәріс өтті. Дәріске шамамен 30 бакалавриат студенті қатысты. Іс-шараның қорытынды кезеңінде кафедра меңгерушілері мен жетекші оқытушылардың қатысуымен пікірталас ұйымдастырылды.

Қонақтар арасында Ұлттық корей тілі институтының ғылыми қызметкерлері Ли Борами мен Ли Гийон, Сангмён университетінің профессоры Ли Сынён және Хонам университетінің профессоры Кан Хёнджу болды.

Өткен шара тәжірибе алмасуға, халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға және Қазақстандағы корей тіл білімінің дамуы мен оқыту әдістемесін жетілдіруге елеулі үлес қосты.