Ректор QS басшыларымен кездестіFarabi University

Ректор QS басшыларымен кездесті

26 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев халықаралық рейтингтік ұйым – QS Quacquarelli Symonds компаниясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Делегация құрамында QS компаниясының бас коммерциялық директоры Джейсон Ньюман, ЕАЭО және QS жаһандық үкіметі елдеріндегі клиенттермен әріптестік жөніндегі өңірлік директоры Сергей Христолюбов бар.

Жүздесуде университеттің халықаралық рейтингтердегі қазіргі позициясы талқыланып, ҚазҰУ-дың QS World University Rankings рейтингіндегі орнын нығайтуға қатысты ұсыныстар айтылды.

Университет басшысы Жансейіт Түймебаев ғылыми инфрақұрылымды жаңғыртудың маңыздылығын атап өтіп, университет базасында жаңа заманауи зертханалардың ашылғанын хабарлады. Бұл зертханалар іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге, инновациялық технологияларды енгізуге, сондай-ақ бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ректор QS халықаралық рейтингі әдістемесін жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын білдіріп, университеттің ғылыми базасын кеңейтудің, іргелі зерттеулердің рөлін күшейтудің, қолданбалы әзірлемелерді әлемдік ғылыми қауымдастыққа интеграциялаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

 Сергей Христолюбов ҚазҰУ өңірдің жетекші жоғары оқу орындарының «лигасында» ерекше орын алатынын айтып, университетте әлемнің басқа да жоғары оқу орындарында енгізуге болатын көптеген әзірлемелер, озық тәжірибелер мен бірегей тәжірибелер бар екенін атап өтті.

Өз кезегінде Джейсон Ньюман ҚазҰУ QS рейтингіндегі түрлі бағыттарда жоғары көрсеткіштерге ие болғанын және бұл университеттің танымалдығын арттыруға бірден-бір ықпал ететін нәтижелер екенін жеткізді.

Осы кездесудің алдында Алматыда QS World University Rankings 2026 сертификаттарын тапсыру бойынша салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 166-орынға ие болып, Қазақстаннан әлемдік үздік 200 жоғары оқу орны қатарына енген жалғыз университет атанды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі