HKUST университетімен жемісті диалог

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов пен Гонконг ғылым және технология университетінің президенті Лайонел М. Ни мырза бастаған делегация арасында кездесу өтті.
Қонақтар келіссөз басталар алдында мұражайға барып, университет тарихымен танысты. Жүздесуде Еркін Дүйсенов ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық және білім беру қызметі туралы айтып, QS әлемдік рейтингінің Tоп-300 қатарына енген серіктестермен қос диплом бағдарламасының кеңейтілгенін ерекше атап өтті. Келіссөздер барысында тараптар ынтымақтастықты дамытуға қатысты маңызды мәселелерді талқылады.
Өз кезегінде Лайонел М. Ни Гонконг ғылым және технология университеті туралы ақпарат берді. Университетте бакалаврлар мен аспиранттарды қоса алғанда, 17 мыңнан астам студент білім алады және шамамен 900 оқытушы қызмет атқарады. Кампус Гонконгтегі Clear Water Bay түбегінде орналасқан, алаңы шамамен 60 гектарды құрайды. Университет құрылымына инженерлік, ғылыми, бизнес және басқару, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектептері, сондай-ақ интердисциплинарлық зерттеулер академиясы кіреді. 2022 жылы HKUST Гуанчжоу қаласында кампус ашу арқылы қызметін кеңейтті.
Кездесу соңында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Гонконг ғылым және технология университеті (HKUST) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі