ТУЫ БІРДІҢ – ТІЛІ БІРFarabi University

ТУЫ БІРДІҢ – ТІЛІ БІР

29 қыркүйек, 2025

 Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Филология факультеті, Шетел тілдері кафедрасының оқытушыларының ұйымдастыруымен Тілдер мерекесіне орай «Тұрақты даму мақсаттары: Сапалы білім беру» бағдарламасы бойынша механика-математика факультетінің 1-курс студенттерінің қатысуымен “Туы бірдің – тілі бір” атты халықаралық деңгейде тәрбиелік іс-шара болып өтті.

Іс-шараны Филология факультеті, Шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы Жубанова Куляш Хорезимқызы сөз сөйлеп, білім алушыларды тілдер мерекесімен құттықтап, алдағы уақытта оқуда сәттілік тіледі.

Елімізде Тілдер туралы Заң 1989 жылы 29-қыркүйекте  қабылданды. Сол жылдың қыркүйегі Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды. "Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте"-деп, ақын Қадыр Мырзалиев жырлағандай, ана тілімізге деген құрмет  - біздің азаматтық парызымыз. 130-дан астам ұлт пен ұлыстың мекеніне айналған Қазақстан Республикасында барлық халықты біріктіретін ортақ байлығымыз  - қазақ тілі. Қазақ тілі - мемлекеттік тіл, елдігіміздің айнасы. Сондықтан, бұл мереке - тек тілдер мерекесі ғана емес, барлық ұлт өкілдерінің мәдениеті мен әдебиетін,  ұлттық салт-дәстүрі мен тарихи құндылықтарын дәріптейтін күн. Іс-шарада Польша мемлекеті, Варшава университетінде оқитын қазақстандық азаматымыз 1-курс студенті Алхабек Ақерке Абжанқызы мен Италия мемлекеті, Мессина университетінде оқитын қазақстандық азаматымыз Джусупов Алдияр онлайн форматта тікелей эфирге байланысқа шығып, қазақ-ағылшын тілдерінде өздерінің қалай шет тілдерін меңгеріп, білім алып, европа елдеріне оқуға түскендіктері және қалай білім алып жүргендіктері туралы студенттерге айтып, еліміздің дамуы үшін еңбек ету жолында алдымен жақсы білім алу керектігін, ол үшін көп іздену керектігі жөніндегі өз ойларымен бөлісті.

Іс-шара барысында студенттер қазақ, ағылшын, қытай тілдерінде тақпақтар, мақал-мәтелдер айтып, тіл туралы тебірентерлік ойларымен бөлісті.

«Механика» мамандығының 1 курс студенті Жақсылық Жанель М. Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін оқыса, «Есептеу ғылымдары және статистика» мамандығының студенті Әблек Дінмұхаммед тіл туралы тебірентерлік ойын ағылшын тілінде жеткізді.  Сонымен қатар, білім алушылар: Азимбай Амина, Марат Сабина, Ахмет Диана, Қожахмет Дастан, Нурабекова Нурия, Анарбекұлы Ерасыл, Жолдас Дайана тіл туралы мақал-мәтелдерді қазақ-ағылшын тілдерінде айтты. Ал Даулетхан Маруана қытай тілінде тіл туралы өлең оқып, оның мағынасын білім алушыларға қазақ тілінде түсіндірді. Іс-шараның қызықты әрі тартымды өтуіне жүргізушілер Муратова Айша мен Әблек Дінмұхаммед белсене атсалысты.

Іс-шара соңында Филология факультеті, Шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы Бекмашева Ботагөз Нығметқызы сөз сөйлеп, тілдер мерекесінің маңыздылығына ерекше тоқталып, тәрбиелік, танымдық іс-шараның өте жоғары деңгейде өтілуіне белсене атсалысқан ұйымдастырушылар мен білім алушыларға алғыс білдірді.