Шэньси педагогикалық университеті делегациясы Шығыстану факультетінде болды

25 қыркүйек күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетіне Шэньси педагогикалық университетінің «Бір белдеу, бір жол» зерттеу орталығының директоры, профессор Ван Вэньбо бастаған делегация ресми сапармен келді.
Кездесу барысында тараптар екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, қытайтану кафедрасымен өткен сұхбатта академиялық ұтқырлық бағдарламаларын іске қосу, яғни студенттердің Қытай мен Қазақстан университеттері арасында тәжірибе алмасуына жағдай жасау, ұстаздардың каникул кезеңінде біліктілікті арттыру курстарына баруы жайлы ұсыныстар көтерілді. Сонымен қатар, студенттердің тілдік құзыретін арттыру үшін қысқы және жазғы лагерьлер ұйымдастыру туралы келісімдер қарастырылды.
Кафедра меңгерушісі Ф.Оразақынқызы өз кезегінде факультет ұжымы тарапынан халықаралық әріптестікке деген жоғары қызығушылықты атап өтіп, бұл бастамалардың студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтты.
Кездесу нәтижесінде тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, Қытай мен Қазақстан арасындағы ғылыми, білім беру және мәдени байланыстарды нығайтуға ниетті екенін білдірді.