«Жеке деректерді қорғау: заманауи қазақстандық қоғамның цифрлық трансформация дәуірі»Farabi University

«Жеке деректерді қорғау: заманауи қазақстандық қоғамның цифрлық трансформация дәуірі»

29 қыркүйек, 2025

2025 жылғы 26 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасында «Жеке деректерді қорғау: заманауи қазақстандық қоғамның цифрлық трансформация дәуірі» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараның ұйымдастырушылары Қазақстан криминологиялық қауымдастығы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Торайғыров университеті болды. Конференция жұмысына Ресей, Польша, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның жетекші заңгер-ғалымдары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Конференция барысында жас зерттеушілердің рөліне айрықша назар аударылды. Олар цифрлық дәуірдің өзекті мәселелері бойынша ғылыми баяндамаларын ұсынды.

Мәселен, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Абдуллина Сабина Халилевна «Цифрлық қоғамның этикасы және адам құқықтарын қорғаудың перспективалары» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде цифрлық ортадағы моральдық сын-қатерлерге және технологиялық прогресс пен жеке тұлға құқықтарын сақтау арасындағы тепе-теңдікті табудың маңыздылығына тоқталды.

Сондай-ақ қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының аға оқытушысы Жақыш Ақерке Жеңісқызы «Цифрлық технологияларды қолдану арқылы жасалатын алаяқтықтың алдын алу» атты баяндамасында киберқылмыстардың алдын алудың заманауи тәсілдері мен қоғамның құқықтық қауіпсіздігін нығайту жолдарын қарастырды.

Жас ғалымдардың баяндамалары жаңа буын мамандарының жоғары ғылыми әлеуетін және цифрлық трансформация жағдайында адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету жөніндегі маңызды міндеттерді шешуге олардың дайын екендігін көрсетті.