Үндістан студенттері үшін курс өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Үндістанның GNIOT Institute of Management Studies (GIMS) институтынан келген 50-ден астам студентке арналған үш күндік білім беру курсы өтті.
Бұл бағдарлама Farabi International Business School (FIBS) тарапынан дайындалып, қазақстандық профессорлардың дәрістері мен Үндістаннан келген профессордың қонақ дәрісін қамтыды.
Айта кету керек, биыл 6 ақпанда ҚазҰУ мен GIMS арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар студенттер мен оқытушылар алмасуын дамытуға, сондай-ақ бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыруға келісті. Алматыдағы курс осы ынтымақтастықтың нәтижесі болып, ағылшын тіліндегі өзекті тақырыптарға арналған дәрістер өткізілді.
Бағдарламаның ерекше бөлігі – GIMS профессоры Ручи Райяттың Leading Downwards: Leading Behaviors and Leadership Styles тақырыбындағы дәрісі, ол ҚазҰУ конференц-залында өтті. Бұл дәріс қатысушыларға заманауи көшбасшылық және мәдениетаралық менеджмент әдістерімен танысуға мүмкіндік берді.
Курс аяқталған соң қатысушылар мен GIMS делегациясының мүшелеріне сертификаттар табысталды. Үндістаннан келген қонақтар ҚазҰУ кампусын және мұражайын аралап, Қазақстанның ұлттық дәстүрлерімен танысты.
Бұл сапар сондай-ақ ҚазҰУ мен АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия, Жаңа Зеландия, Мальта, Малайзия және басқа елдердің жетекші университеттерімен жұмыс істейтін халықаралық Value Adz компаниясы арасындағы ынтымақтастықтың бастамасы болды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі