Белсенді ұзақ өмір сүру тәжірибелері қаралдыFarabi University

Белсенді ұзақ өмір сүру тәжірибелері қаралды

30 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Белсенді ұзақ өмір сүру тәжірибесі және даму перспективалары» атты халықаралық форум өтті.

 

Іс-шараны ҚазҰУ-дың Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институты мен Алматы қаласы Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бірлесе ұйымдастырды.

Форумның мақсаты – егде жастағы азаматтарды қолдау саласындағы дәлелді халықаралық тәжірибелерді зерделеу, әлеуметтік қолдау мен денсаулық сақтаудағы заманауи технологияларды талқылау және мемлекеттік органдар, білім беру ұйымдары мен үкіметтік емес сектор үшін қолданбалы ұсынымдар әзірлеу.

Шараға мемлекеттік орган қызметкерлері, ЖОО оқытушылары, мемлекеттік емес ұйымдар (МЕҰ) мен халықаралық ұйымдардың сарапшылары, сондай-ақ демография, геронтология және қоғамдық денсаулық сақтау салаларының өкілдері қатысты.

ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов форум қатысушылары мен қонақтарын құттықтап, шараның маңыздылығын атап өтті. «Университет «Барлық жасқа арналған университет» идеясын қолдап, цифрлық сауаттылық, салауатты өмір салты, әлеуметтік волонтерлік және буындар арасындағы тәлімгерлік бағдарламаларын дамытып келеді. «Күміс университет» жобалары егде жастағы азаматтарды білім, ғылым және шығармашылыққа тартып, олардың әлеуметтік белсенділігі мен өмір сапасын арттырады», – деді проректор.

Форум бағдарламасындағы панельдік пікірталастарда қазақстандық және шетелдік сарапшылар ұзақ өмір сүру мәселелері, тиімді басқару шешімдері мен әлеуметтік саясат туралы пікір алмасты. Қатысушылар Алматы және Алматы облысындағы белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының қызметімен танысты, қызмет көрсету модельдері, цифрлық сервистерді енгізу және әлеуметтік қолдау шараларын зерттеді.

Сонымен қатар «Дүниежүзілік қоғамдастықтағы ұзақ өмір сүру мәселелері бойынша ғылыми-практикалық жетістіктер» пленарлық отырысы, «Белсенді ұзақ өмір сүру саласындағы әлеуметтік әріптестік: бастамалардан – тұрақты тәжірибелерге» атты дөңгелек үстел, қолданбалы және көркемөнер көрмесі, шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетулері, шеберлік сабақтары мен ашық дәрістер өтті.

Форум нәтижесінде әлеуметтік қызметтерді интеграциялау, егде жастағы азаматтарға арналған білім беру бағдарламаларын кеңейту, цифрлық шешімдерді енгізу және жастыққа қарамастан, инклюзияны нығайту бойынша белсенді ұзақ өмір сүру экожүйесін дамытуға арналған ұсыныстар пакеті дайындалды.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі