«Адвокаттық қызметтің құқықтық негіздері» тақырыбындағы лидерлік дәріс

Өзара ынтымақтастық аясында азаматтық құқық, азаматтық процесс және еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор м.а. Балашов Талғат Төлеуұлының шақыруымен 2025 жылғы 1 қазанда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінде сағат 11:00-де, 405-аудиторияда 2-курс студенттеріне арналған АҚАА адвокаты Қансейтов Руслан Даниярұлының «Адвокаттық қызметтің құқықтық негіздері» тақырыбында лидерлік дәрісі өтті.
Өз дәрісінде Руслан Даниярұлы адвокат мамандығының негізгі қырларын кеңінен ашып көрсетті: адвокаттық қызметтің құқықтық реттелуі, адвокаттың міндеттері мен құқықтары, сот процестеріне қатысуы, сондай-ақ азаматтардың құқықтарын қорғаудағы және заңдылықты нығайтудағы адвокатураның рөлі. Ерекше назар кәсіби этика мен адвокаттың жауапкершілігі мәселелеріне аударылды.
Бұл дәріс 2-курс студенттері үшін болашақ мамандық туралы түсініктерін қалыптастыруда маңызды қадам болып, практикалық білім берді және азаматтық құқық пен азаматтық процестік құқық пәндерін тереңірек меңгеруге ынталандырды.
Азаматтық құқық, азаматтық процесс және еңбек құқығы кафедрасы ұйымдастыратын осындай кездесулер студенттердің кәсіби дүниетанымын дамытуға, теориялық білім мен тәжірибелік қызмет арасындағы байланысты нығайтуға және болашақ заңгерлердің кәсіби даярлығының жоғары стандарттарын қалыптастыруға ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар


