ҚазҰУ-да ЖИ қолдану жолдары көрсетілдіFarabi University

ҚазҰУ-да ЖИ қолдану жолдары көрсетілді

2 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінде «Генеративті ЖИ-ді тиімді пайдалану» атты семинар өтті. Іс-шараға оқытушылар мен профессорлар, докторанттар және жас зерттеушілер қатысты.

Семинардың ашылуында ақпараттық технологиялар және  ЖИ  факультеті деканының ғылыми-зерттеу қызметі және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Нұрбол Бейсов сөз сөйледі. Ол жасанды интеллект саласындағы құзыреттіліктерді дамыту университеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. «Жасанды интеллект: түсінік, құқықтық шеңберлер және деректерді қорғау» тақырыбында кафедраның аға оқытушысы Талшын Сәрсембаева баяндама жасады. Оның айтуынша, ЖИ-ді қолданудағы басты қағида – жауапкершілік пен адалдық. «Біз жасанды интеллектіні адам құқықтарын бұзбай, академиялық адалдықты сақтай отырып қолдануды үйренуіміз қажет. Тек сонда ғана технология қоғамға шынайы пайда әкеледі», – деді ол.

Кафедраның аға оқытушысы Әсел Оспан жасанды интеллектінің техникалық қырларына тоқталып, «Ірі тілдік модельдер, трансформерлер – заманауи ЖИ жүйелерінің негізі. Бұл тек теориялық ұғымдар емес, ғылымды, бизнесті және күнделікті өмірді өзгерте алатын нақты құралдар», – деп атап өтті. Сонымен қатар семинар барысында білім беру мен ғылыми зерттеулер саласында генеративті ЖИ мүмкіндіктері қарастырылды.

Спикерлердің айтуынша, мұндай технологиялар оқыту процесін жылдамдатып, ғалымдарға тиімді жұмыс істеуге жол ашады. Қатысушылар «ЖИ – көмекші құрал, бірақ адамды алмастырмайды» дегенді атап өтті. Семинар интерактивті практикуммен аяқталды. Қатысушылар жаңа білімдерін кәсіби қызметінде сынап, ЖИ құралдарымен жұмыс істеп көрді. Спикерлер жасанды интеллектіні кәсіби салада қалай қолдануға болатынын іс жүзінде көрсетті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі