Қазақ пен түріктің мәдени байланысына жаңа серпін «Түрік тілін үйрену – бауырластықты бекемдеу жолы»Farabi University

Қазақ пен түріктің мәдени байланысына жаңа серпін «Түрік тілін үйрену – бауырластықты бекемдеу жолы»

3 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы мен филология факультетінің «Түркітану» кафедрасының бірлескен ұйымдастыруымен түрік тілінен тегін оффлайн топтық курстар өз жұмысын бастады.

Бұл игі бастама Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени және білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ студенттердің тіл үйрену мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Курс барысында тыңдаушылар түрік тілін кәсіби мамандардың жетекшілігімен меңгеріп, сөйлеу, жазу және түсіну дағдыларын дамытуға мүмкіндік алады.

Аталған жоба қазақ және түрік халықтарының ғасырлар бойғы тарихи-мәдени байланыстарын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, жастарға білім мен ғылым жолында кең өріс ашады. Түрік тілін меңгеру арқылы студенттер халықаралық деңгейде білімін жалғастыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуға, сондай-ақ кәсіби тұрғыдан жаңа мүмкіндіктерге жол таба алады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Түркітану» кафедрасының оқытушылары бұл курстардың студенттер үшін баға жетпес тәжірибе болатынын атап өтті. Ал Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулдығы мұндай бастамалар түркі әлеміндегі ынтымақтастықты тереңдетіп, мәдени және білім беру саласындағы қарым-қатынастарды дамытудың маңызды факторы екенін жеткізді.

Тегін оффлайн курстар — қазақ жастары үшін түрік тілін терең әрі жүйелі түрде меңгерудің үлкен мүмкіндігі. Бұл бастама екі ел арасындағы достықты нығайтып, мәдени, ғылыми және академиялық қарым-қатынастардың өркендеуіне зор үлес қосатыны сөзсіз.

 

Түркітану және тіл теориясы кафедрасы