ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШЕБЕРЛІККЕ БАУЛИТЫН ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕР ЖАРЫҚ КӨРДІFarabi University

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ШЕБЕРЛІККЕ БАУЛИТЫН ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕКТЕР ЖАРЫҚ КӨРДІ

4 қазан, 2025

 

         Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің Шерхан Мұртаза атындағы аудиториясында көрнекті қаламгер, журналист, публицист Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкейдің туған күніне орай жаңа ғылыми еңбектердің тұсаукесері өтті.
  Филология ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор Римма Жақсылықбаеваның «Көсемсөз кемеңгері: Шерхан Мұртаза» атты екі томдық монографиясы оқырманға жол тартты. Бұл еңбекте Шерхан Мұртазаның публицистикалық мұрасы, редакторлық мектебі, сондай-ақ 1956-2006 жылдары мерзімді баспасөзде жарық көріп, ешбір жинаққа енбеген жарияланымдары топтастырылған.

 «Ана тілі» ұлт газетінің журналисі, жас ғалым Бағдат Сұлтанқызы «Публицистің шығармашылық зертханасы: дарын табиғаты, жазу машығы» кітабында Оралхан Бөкейдің публицистік шығармаларындағы дарын табиғаты мен жазу машығындағы ерекшелік сипатын көрсете отырып, еңбек, тәжірибе, шеберлік ұғымының астарын жан-жақты аша түседі.