Фундаменталды және қолданбалы математика секциясының үздік қатысушылары марапатталдыFarabi University

Фундаменталды және қолданбалы математика секциясының үздік қатысушылары марапатталды

29 қыркүйек, 2025

2025 жылғы 25 қыркүйекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Математика, механика және ақпараттық технологиялар» атты Х Халықаралық ғылыми конференция аясында Фундаменталды және қолданбалы математика секциясының отырысы табысты өтті.

Аудитория №409-да өткен секция жұмысына белгілі ғалымдар мен жас зерттеушілер қатысты. Модераторлар – Механика-математика факультетінің деканы, профессор М.А. Бектемесов және профессор Б.А. Урмашев – ғылыми пікірталастарды жоғары деңгейде ұйымдастырды. Қатысушылар Zoom платформасы арқылы онлайн және офлайн форматта қосылып, математика ғылымының өзекті мәселелерін талқылады.

Секция барысында Т.Ш. Кальменов, А. Кадирбек, М. Дженалиев, А. Асанова, А. Иманчиев, А. Молыбайқызы, A. Gogatishvili, V. Kumar Vyas, К. Ospanov және басқа да зерттеушілер өз баяндамаларын ұсынды. Олар интегралдық геометрия, эллиптикалық және гиперболалық теңдеулер, бөлшек туындылы теңдеулер мен Шредингер операторларының спектрлік қасиеттері секілді күрделі тақырыптарды қамтыды.

Секция қорытындысы бойынша үздік ғылыми баяндамалар Құрмет грамоталарымен және арнайы сыйлықтармен марапатталды. Бұл марапат жас ғалымдарды ынталандырып, факультеттегі ғылыми әлеуеттің артуына серпін берді.

Іс-шара жоғары білім мен ғылым сапасын арттыруға, инновациялық ойлау мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталды. Осындай ғылыми кездесулер сапалы білім мен тұрақты даму қағидаттарын ілгерілетуге маңызды үлес қосады.

Бұл жұмыс тұрақты даму принциптерін іске асыруға, ең алдымен, мынадай БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуге үлес қосады: ТДМ 9 — Өнеркәсіп, инновациялар және инфрақұрылым, ТДМ 10 — Теңсіздікті азайту, ТДМ 17 — Тұрақты даму мақсатында серіктестіктер.

 

          

Математика кафедрасының меңгерушісі

Касенов С.Е.

Математика кафедрасының меңгерушісінің

Ғылыми-инновациялық жұмыс және

халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары

Досмағұлова Қ.А.