ҚазҰУ баршаға бірдей білім алуға қолжетімді орта қалыптастырудаFarabi University

ҚазҰУ баршаға бірдей білім алуға қолжетімді орта қалыптастыруда

7 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау және қолжетімді орта қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыс атқарылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының жұртшылығымен кездесуде: «Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек. Кедергісіз орта қалыптастыру қажет. Бұл жұмыс мүмкіндігі шектеулігі жандар ғана емес, қарт кісілер және балалар үшін де өте маңызды», – деп атап өткен болатын.

Осыған сәйкес, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасымен қалашықтағы алты жерге пандус орнатылды. Пандустар «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығының алдына, бас аллеядан оқу корпустарына шығатын баспалдақтарға, кофехана мен асхана маңына, көлік тұрақтарының аумағына қойылды.

Тимирязев көшесінен Ректорат, «Керемет» СҚО, оқу ғимараттарына дейінгі аумаққа сыртқы тактильді плиткалар төселді.

Бұған қосымша ҚазҰУ қалашығының кіреберісіне көру қабілеті төмен жандар үшін Брайль қарпімен жазылған арнайы ақпараттық стенд пен нұсқаулық орнатылды.

Сондай-ақ факультеттер 14 тактильді тақтайшамен және плиткалармен қамтамасыз етілді. Арбамен жүрген жандарды баспалдақпен көтеруге арналған бес құрылғы мен сыртқы есіктердің үстіне 14 дыбыстық нұсқаулық  қойылды. Университет аумағындағы көлік тұрақтары да мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 10 арнайы белгімен жабдықталды.

Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасып, университеттің барлық аумағында қолжетімділік деңгейін арттыруға бағытталатын болады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі