Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Алмалы аудандық прокуратурасында болдыFarabi University

Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері Алмалы аудандық прокуратурасында болды

7 қазан, 2025

    БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының №16 «Бейбітшілік, әділдік және тиімді институттар» бағыты аясында және болашақ заңгерлерді тәжірибеге бағытталған оқыту тұжырымдамасына сәйкес 2025 жылғы 7 қазанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің студенттері заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Орынбасар Тлепбергеновтің жетекшілігімен Алматы қаласы Алмалы аудандық прокуратурасына барып, прокуратура қызметкерлерімен кездесу және таныстыру экскурсиясына қатысты.

     Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстанның құқық қорғау жүйесінің құрылымы мен қызметін, прокуратура органдарының заңдылықты, құқықтық тәртіп пен әділдікті қамтамасыз етудегі рөлін терең түсіну болды.

    Профессор Орынбасар Тлепбергенов атап өткендей: «Болашақ заңгер заңды білуімен қатар, оның нақты өмірде қалай қолданылатынын да түсінуі қажет. Мұндай тәжірибелік сабақтар студенттерге құқық қорғау органдарының жұмысын өз көздерімен көруге, кәсіби сенімдерін нығайтуға және өз мамандығының маңыздылығын ұғынуға мүмкіндік береді».

      Мұндай бастамалар студенттердің теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, аналитикалық ойлау қабілеттерін дамытуға және кәсіби ынтасын арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ кездесу әділдік, адалдық және азаматтық жауапкершілік сияқты негізгі құндылықтарды ілгерілетуге, жастарды ел мен қоғам игілігі жолында қызмет етуге шабыттандырады.

    Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы БҰҰ-ның №16 Тұрақты даму мақсатының қағидаттарына сәйкес заңдылық пен құқықтық мемлекетті нығайту ісіне үлес қосуға дайын, жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған білім беру бастамаларын жалғастыруда.