Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Жапонияда тағылымдамадан өттіFarabi University

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Жапонияда тағылымдамадан өтті

7 қазан, 2025

География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының 1-курс докторанты Айсұлу Өтепова Жапонияның Ракуно Гакуэн университетінде тағылымдамадан өтіп қайтты. Бұл тағылымдама жас ғалымға ғылыми зерттеу дағдыларын жетілдіруге, жапондық ғылыми дәстүрлермен танысуға және халықаралық деңгейде тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік берді.

                  

Айсұлу зертханаларда ғылыми тәжірибе жинап, диссертациясына қажетті материалдарды толықтырды. Сонымен қатар, ол жаңа әдістемелерді меңгеріп, шетелдік әріптестермен ой бөлісті. Профессор Бухо Хошино жетекшілігімен өткен ғылыми семинарлар мен жеке кездесулер оның зерттеушілік көзқарасын кеңейтті.

               

«Жапониядағы білім беру жүйесі мен ғылыми орта маған ерекше әсер қалдырды. Студенттердің ізденімпаздығы, профессорлардың жауапкершілігі – бәрі де мен үшін үлкен мектеп болды. Әрбір күн жаңа ой, жаңа идея, жаңа серпін сыйлады. Бұл сапарымның басты жетістігі – мен өзімді Қазақстан ғылымының өкілі ретінде халықаралық деңгейде таныта алдым. Бұл – КазҰУ-нің қолдауы арқасында мүмкін болды», – дейді Айсұлу Өтепова.

Айта кетсек, Айсұлу Өтепова тағылымдама барысында ғылыми жобасының бір бөлігі ретінде Батыс Қазақстан аумағындағы өсімдік жамылғысының өзгерістерін NDVI индексі арқылы (1995–2025 жж.) зерттеді. Бұл карталар экожүйелердің динамикасын, вегетациялық қабаттың азаюы мен өзгеру үрдісін анық көрсетеді. Зерттеу нәтижелері өңірдің экологиялық жағдайын бағалауда және тұрақты жер пайдалану стратегияларын жасауда маңызды рөл атқарады.

               

Тағылымдама барысында Айсұлу Жапония мәдениетімен де жақын танысты. Университеттегі академиялық тәртіп пен студенттердің ғылыми ізденістерге деген ынтасы оған үлкен шабыт берді. Ол жапон халқының қонақжайлығы мен қарапайымдылығын ерекше атап өтті.

Айсұлу тәжірибеден алған білімін болашақта ғылыми еңбектерінде және оқытушылық қызметінде қолданбақ. Оның айтуынша, бұл тағылымдама оның ғылыми өміріндегі маңызды белес болды.