Инновациялық аймақтар құру бойынша тәжірибе алмасуFarabi University

Инновациялық аймақтар құру бойынша тәжірибе алмасу

10 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Ресей Федерациясының ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарының өкілдерінен құралған делегацияны қабылдады. Кездесу барысында тараптар өзара тиімді әрі нәтижелі серіктестіктің болашағын талқылады.

Кездесуде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры инновациялық аймақтар мен ғылым қалашықтарының инфрақұрылымын қалыптастыру ісінде қазақстандық және ресейлік тәжірибе алмасудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Университет басшысы жоғары оқу орындарының академиялық және индустриялық серіктестермен тығыз байланысының артықшылықтарына тоқталып, бұл бағыт жастарды ғылымға тартуға, жоғары технологиялық компанияларды интеграциялауға және заманауи зерттеу орталықтарын бірыңғай экожүйеге біріктіруге жол ашатынын айтты.

 

Сондай-ақ Сібір бөлімшесі Ресей ғылым академиясының Еуразиялық трансшекаралық өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі халықаралық ғылыми орталығының директоры, Стратегиялық талдау және жоспарлау орталығының меңгерушісі Вячеслав Селиверстов сөз сөйледі. Ол Ресейдегі академиялық және ғылым қалашықтарының табысты жұмыс істеу тәжірибесі Қазақстан үшін үлгі бола алатынын атап өтті. Оның пікірінше, тиімді инфрақұрылым, басқарудың сапалы тетіктері және тұрақты ғылыми-инновациялық даму үлгілері осындай орталықтардың табысты қызметіне негіз болады. Сондай-ақ ол екі ел арасында озық тәжірибемен алмасу арқылы Қазақстанда білім мен ғылымның жаңа орталықтарын қалыптастыруға мүмкіндік бар екенін айтты.     

    

Келіссөз барысында тараптар бірлескен ғылыми орталық құру, ғылым қалашықтарының инфрақұрылымын дамыту тәжірибесімен алмасу және бірлескен зерттеулер жүргізу мәселелерін талқылады. Делегация мүшелері жобаның тұжырымдамасын, іске асыру кестесін және қаржыландыру тетіктерін нақтылау мақсатында жұмыс кездесулері мен сараптамалық сессиялар форматында диалогты жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.

Құрметті қонақтар үшін университеттің ғылыми-инновациялық инфрақұрылымымен танысуға арналған кампус-тур ұйымдастырылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі