ҚазҰУ-да 1 курс білім алушылары студенттер қатарына ЖИ қатысуымен қабылдандыFarabi University

ҚазҰУ-да 1 курс білім алушылары студенттер қатарына ЖИ қатысуымен қабылданды

10 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәстүрлі Студенттер қатарына қабылдау салтанатты шарасы өтті. Биылғы кеш ерекше форматта ұйымдастырылып, 1-курс студенттерін оқуға қабылдау рәсімі жасанды интеллектінің қатысуымен жүзеге асты.

Салтанатты шараға ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми, ҚазҰУ Басқарма Төрағасы-Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Алматыдағы ҚХР бас консулы Цзян Вэй және өзге де танымал тұлғалар қатысты.  

Шарада министр Саясат Нұрбек жастарды арнайы құттықтап, оқуда табыс тіледі.

«ҚазҰУ тек білім ордасы емес, тұлға қалыптастыратын, білікті маман даярлайтын, ғылым мен инновацияның орталығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жастар отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы шарт», - деп атап өткен болатын.  Президент айтқан қасиеттерді бойына сіңірген жас буынды тәрбиелеуде ҚазҰУ-дың рөлі зор. Университет тек теориялық білім беріп қана қоймай, студенттерді өмірлік ұстанымдары айқын, жауапкершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптастыруда ауқымды жұмыстар атқаруда», - деді министр.

ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев  «Ұлы ұстаз, ойшыл әл-Фарабидің «Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз» деген қағидасын естен шығармаңыздар. Сіздердің тәрбиелі шәкірт болып, білікті маман, елін сүйетін тұлғалы азамат болып шығатындарыңызға сенемін»,  – деді ректор.  

Жаңа оқу жылында ҚазҰУ-ға бакалавриат, магистратура және докторантура бағыты бойынша барлығы 11 530 студент қабылданды. Бакалавриатқа оқуға түскен жастардың ішінде 116 «Алтын белгі» иегері мен 27 халықаралық олимпиада жүлдегері бар. Биыл 2500-ден астам шетелдік студент Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды таңдаған.

Кеш барысында алғаш рет ҚазҰУ филиалдарында білім алатын студенттер де өз өнерлерін паш етті.  

Салтанатты кеш қазақ эстрадасы жұлдыздарының ән шашуымен жалғасып, жастардың би кешіне ұласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі