ҚазҰУ студенттері «Сиверс» алма ағашын отырғызу акциясына қатыстыFarabi University

ҚазҰУ студенттері «Сиверс» алма ағашын отырғызу акциясына қатысты

13 қазан, 2025

«Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Экология» білім беру бағдарламасы бойынша оқитын 3-ші және 4-курс студенттері «Сиверс» алма ағашының популяциясын қалпына келтіруге бағытталған экологиялық акцияға қатысты. Бұл ағаш қазіргі заманғы барлық алма сорттарының ататегі болып саналады.

Шара Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің әсем Кімасар шатқалында Alma-Kika жобасы аясында өтті. Акцияны «Gerdyn Dostary» қоғамдық бірлестігі мен орман шаруашылығының өкілдері бірлесіп ұйымдастырды.

Шара барысында мамандар студенттерге «Сиверс» алмасының экожүйедегі маңызы, оның таралу ерекшеліктері мен сирек түрлерді сақтау тәсілдері туралы баяндады. Зоология институтының ғалымы, биология ғылымының кандидаты С.М.Романова ағаш отырғызу бойынша шеберлік сағатын өткізіп, студенттерге ағаш көшеттерін дұрыс отырғызу және күтіп-баптау әдістерін көрсетті.

Іс-шара соңында қатысушылар «Сиверс» алма ағашының көшеттерін отырғызып, өздерінің ғылыми зерттеулері үшін топырақ үлгілерін жинады.

Бұл экологиялық бастама «Таза Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылып, табиғи экожүйелерді сақтау, орман ресурстарын қалпына келтіру және халық арасында экологиялық мәдениетті дамыту мақсатын көздейді.

Осындай шараларға қатысу болашақ экологтарға тәжірибелік дағдыларды меңгеруге,  елдің табиғи мұрасын сақтау ісінде жеке жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі