Қарттар үйінде қайырымдылық шарасын ұйымдастыру және әлеуметтік жауапкершілік
13.10.2025 жылы Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы С.М.Жапаков 202 және 223 топ студенттерімен БҰҰ-ның ТДМ-мен, атап айтқанда, №3 мақсат –Салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және кез келген жаста барлығының амандығына жәрдемдесу, №10 мақсат – Елдер ішіндегі және олардың арасындағы теңсіздікті қысқарту аясында «Қарттар үйінде қайырымдылық шарасын ұйымдастыру және әлеуметтік жауапкершілік» тақырыбында қайырымдылық іс-шарасын өткізді. Іс-шараға кафедра меңгерушісі, з.ғ.д.,профессор Г.А. Қуаналиева қатысып, студенттерге қайырымдылықтың маңыздылығы мен Тұрақты даму мақсаттарына сәйкес әлеуметтік қолдаудың рөлін түсіндіру арқылы шараға өз үлесін қосты. Шара мақсаты: 202 және 223 топ студенттеріне қайырымдылықтың маңызын түсіндіру, жастар арасында жанашырлық пен жауапкершілік сезімін арттыру, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен сыйластық атмосферасын қалыптастыру. Қайырымдылық — жүректен шыққан шынайы мейірім мен жан жылуының айқын көрінісі. Осы орайда заң факультетінің студенттері оқытушы жетекшілігімен ТДМ-ға сәйкес «Қамқор» әлеуметтік үйінде маңызды қайырымдылық шарасын өткізді. Бұл кездесу үлкенге құрмет көрсету мен ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға арналған ерекше мүмкіндік болды.
Шара барысында студенттер қарияларға күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік пен арнайы сыйлықтар табыстап, шағын концерт ұйымдастырды. Жылы жүзді әңгімелер мен көңіл бөлулер арқылы олар рухани қолдау көрсетті.
Қарттарға көрсетілген ілтипат — өткенге тағзым, болашаққа сенім. «Қамқор» әлеуметтік үйіндегі бұл жылы жүздесу — жүректерге із қалдырған естен кетпес сәт болды, қоғамдағы рухани байланыс пен адамгершілік құндылықтарды нығайтты.