Әл-ауқатты зерттеудегі жаңа әдістер

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Адамның әл-ауқатын зерттеудегі пәнаралық тәсіл: тіл, қоғам, тұлға» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өз жұмысын бастады. Ауқымды шараға Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Алмания елдерінен 150-ден астам беделді ғалым мен зерттеушілер қатысуда.
Конференцияны ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов құттықтау сөзбен ашты. Ол өз сөзінде: «Бүгінде біз гуманитарлық, әлеуметтік және табиғи-техникалық ғылымдар тоғысында орналасқан бірегей ғылыми алаңдамыз. Әлем тез өзгеруде, цифрландыру, жаһандану, миграциялық ағындар және экологиялық сын-қатерлер сияқты процестер адам әл-ауқаты ұғымын қайта қарауды талап етеді», – деп атап өтті.
Салтанатты бөлімде Ресей Федерациясының тұңғыш президенті Б.Н.Ельцин атындағы Орал федералды университетінің президенті Виктор Кокшаров бейнебайланыс арқылы арнайы қосылып, цифрлық ортадағы адамның өмір сапасын арттыру мәселелері жайлы пікірімен бөлісті.
Сонымен қатар ҚазҰУ Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институтының ғылыми директоры, профессор Нұрсұлу Шаймерденова «Қазақстанның көпэтносты қоғамындағы тілдер және мәдениеттер арасындағы өзара әрекет – әлеуметтік әл-ауқаттың негізі» тақырыбында баяндама жасады. Онда ғалым: «Тілдер мен мәдениеттер арасындағы өзара әрекет Қазақстанның көпэтносты қоғамында бірлік пен ынтымақты нығайтып, әлеуметтік тұрақтылық пен даму үшін маңызды негіз болып табылады», – деген ойларымен бөлісті.
Бұған қоса, пленарлық отырыста тәжірибелі сарапшылар баяндама жасап, адам әл-ауқатының өзекті мәселелерін тілдік, әлеуметтік және жеке тұлғалық аспектілер тұрғысынан жан-жақты қарастыруды ұсынды. Олар тарихи-мәдени және лингвистикалық өлшемдер, әлеуметтік-мәдени және тарихи аспектілер, тұлғаның психологиялық әл-ауқаты, дәстүрлі мәдениет пен оның әл-ауқаттағы рөлі, демографиялық факторлар, білім беру және цифрландыру мәселелерін кеңінен талқылады.
Конференция жұмысы секциялық отырыстарға ұласып, 18 қазанға дейін жалғасады.
Айтулы ғылыми шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түркітану және алтайтану ҒЗИ, Ресей Федерациясының тұңғыш президенті Б.Н.Ельцин атындағы Орал федералды университеті және Орал гуманитарлық институты бірлесе ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


