ҚазҰУ-да түркітану теориясы сарапталды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Әлемнің этно-тілдік әртүрлілігі және түркі мұрасы» атты III халықаралық конференциясы өз жұмысын бастады.
Конференцияға Австрия, Әзірбайжан, Бельгия, Қытай, Қырғызстан, Мәскеу және Ресей Федерациясының Алтай, Саха, Татарстан және Тыва Республикаларынан, сондай-ақ Түркия мен Өзбекстаннан келген белгілі ғалымдар мен сарапшылар қатысуда.
Шараны ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов ашты. Өз баяндамасында ол зерттеу университеті мәртебесінде ҚазҰУ түркология саласындағы іргелі зерттеулерге белсене қатысып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар оқу орнының ғалымдары, кітапханашылар мен баспагерлердің еңбегі арқасында бұрын ғылыми айналымға енбеген көптеген түркі қолжазбаларының зерттеліп, ғылыми қоғамға ұсынылғанын мақтанышпен жеткізді.
Түркі академиясының президенті, академик Шаһин Мұстафаев құттықтау сөзінде бұл конференцияның түркология мен гуманитарлық ғылым саласындағы маңызы зор екенін айтып, түркі халықтарының ортақ рухани-мәдени кеңістігін терең зерттеуге тың серпін беретін игі бастама ретінде бағалады.
Сонымен қатар конференция ашылуында «Үлкен Алтай» алтаистика және түркология ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Юлия Лысенко онлайн қосылып, Ресей мен Қазақстанның жетекші университеттерінің желілік ғылыми-білім беру жобасы жайлы баяндама жасады.
Жиын аясында қатысушылар түркітану мен алтайтану, диахрондық компаративті этнолингвомәдениеттану және тілдік байланыстар теориясының өзекті мәселелерін жан-жақты талқылап, жалпы теориялық және әдіснамалық мәселелерді сараптады. Сондай-ақ этно-тілдік әртүрлілік пен түркі мұрасын зерттеудегі жаңа ғылыми үрдістер мен әдістерге ерекше назар аударылды.
Конференция Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан «Қоғамның рухани жаңғыруы жағдайындағы Қазақстанның түркі тілдері: графикадан – эпикалық мәтінге дейін» жобасының аясында өткізілуде.
Конференция жұмысы ертең жалғасып, қатысушылар әртүрлі тақырыптар бойынша секциялық талқылауларға, пікір алмасуға және ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған шараларға қатысады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


