ҚазҰУ-дың ғылыми жобалары таныстырылды

Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербург политехникалық университетінің ректоры, РҒА вице-президенті Андрей Рудской мен Ресей ғылым академиясының академигі, профессор Асқар Ақаев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми инфрақұрылымымен танысты.
Оқу ордасына жұмыс сапары барысында қонақтар Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығына барды. Мұнда Гонконг политехникалық университетімен бірлесіп ашылған Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығының, микроспутниктер зертханасының, заманауи қолданбалы физика және жоғары технологиялар зертханасының, химия зертханасының, Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығының қызметі таныстырылып, инновациялық жобалары ұсынылды.
Хабтың негізгі мақсаты – ғылыми əзірлемелер мен технологиялық идеяларды нақты экономикаға енгізуді жеделдету. Яғни хаб университеттермен жəне ғылыми институттармен, сондай-ақ инвестор компаниялармен əріптестік байланыс орнатады. Мұнда бірлескен зерттеулер жүргізіліп, жаңа технологиялар əзірленеді.
Кейін Андрей Рудской мен Асқар Ақаев Робототехника және роботтандыру бойынша инженерлік компетенция орталығын аралап көрді. Мұнда Германиядағы KUKA компаниясының роботтары қойылған. Аталған ғылыми орталық болашақта ғылым, білім және отандық өнеркәсіпті біріктіре отырып, Қазақстан өнеркәсібі үшін білікті кадрларды даярлау орнына айналады. Сонымен қатар құрметті меймандар «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен Робототехника орталығының жұмысымен танысты. Қытайлық компаниямен бірлесіп ашылған шеберхана білім алушы жастарға цифрлық инженерия мен өнеркәсіптік робототехниканы меңгеруге мүмкіндік береді. Мұнда студенттер өндірістің барлық процестерін сандық ортада үйренеді. Сонымен қатар өндірістегі әр кезеңді өзара байланыстыруды үйреніп, күрделі автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істеуге дағдыланады.
Университетке жұмыс сапары барысында Андрей Рудской мен Асқар Ақаевқа ҚазҰУ зерттеушілері әзірлеген «Al-Farabi 2» наноспутнигі көрсетілді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – отандық жоғары оқу орындары арасында өзінің наноспутнигін іске асырған алғашқы оқу орны. Құрметті қонақтарға Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесіп дайындалып жатқан микроспутниктің макеті көрсетілді. Ортақ жұмыс нәтижесінде қос жоғары оқу орны 2026 жылы ғарышқа микроспутник ұшыруды көздеп отыр.
Сонымен қатар Асқар Ақаев пен Андрей Рудской химия және химиялық технология факультетіне барып, ғалымдар жүзеге асырып жатқан жобалардың нәтижелерімен танысты. Ғылыми топтың экология, энергетика, химия және медицина салалары бойынша жасаған зерттеулері ерекше қызығушылық тудырды.
Жұмыс сапары барысында қонақтар университет ұжымының ғылыми әлеуетін жоғары бағалап, ҚазҰУ-дың халықаралық ғылым және инновациялар кеңістігіндегі орны нығайып келе жатқанын атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


