Көне қолжазбалар мен сирек кітаптар терең зерттеледіFarabi University

Көне қолжазбалар мен сирек кітаптар терең зерттеледі

17 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да III халықаралық «Әлемнің этнотілдік бейнесі және түркі мұрасы» атты конференциясы аясында «Дүйсембек Қабыланбайұлы мұрасы: дәуірлер арасындағы көпір» тақырыбында ғылыми-танымдық семинар өтті.

Басқосуды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ашып, Дүйсембек Қабыланбайұлының ғылыми мұрасы мен оның қазіргі заманғы түркологиядағы маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол бұл жобаның тек тарихи құндылықтарды сақтап қана қоймай, сонымен қатар түркі әлемінің рухани және мәдени байлығын жаңғыртудағы өзекті қадам екенін атап өтті. Марғұлан Қасенұлы семинар мақсаттарының бірі – дәуірлер арасындағы көпір ретінде қызмет етіп, сирек қолжазбалар мен кітаптардың зерттелуі мен ғылыми айналымға енуіне жол ашу екенін жеткізді.

Ғалым ұрпақтары атынан белгілі ғалым Бақытжан Дүйсембековтің жетекшілігімен ҚазҰУ-дың Фараби кітапханасына 431 сирек кітап пен қолжазба тапсырылған болатын. Олардың арасында 231 араб тілінде, 38 парсы тілінде және 162 шағатай тілінде жазылған құжаттар бар.

Бұл жобаға тіл және әдебиет, философия, тарих, медицина, жаратылыстану және дінтану салаларының ғалымдары атсалысты. Олар кешенді зерттеу платформасын құру мақсатында бірлесе жұмыс атқарды. Нәтижесінде кітаптар негізгі бағыттар бойынша жіктелді: діни-теологиялық әдебиет (ақида, фиқһ, хадис, тафсир, дұға, иршад, тасаввуф); тіл және әдебиет еңбектері (грамматика, наһв, сарф, каваэд, белағат, әдебиет); философия және рационалды ғылымдар (логика, калам, философия); жаратылыстану және қолданбалы ғылымдар (астрономия, медицина, педагогика, этика, тарих, тәжвид).

Шара барысында екіжақты келісімшартқа қол қойылып, Бақытжан Дүйсембековке «Фараби» алтын медалі табысталды.

Жобаның негізгі жетістіктерінің бірі – сирек кітаптарды университеттің ғылыми айналымына жүйелі енгізу және реставрация мен консервация лабораториясын құру бойынша жол картасын әзірлеу. «Ғылым ордасы» ғылыми-зерттеу орталығы және Қолжазбалар мен рухани мұра орталығының ғылыми мекемелерімен ынтымақтастық орнатылды. Университеттің өндірістік-техникалық базасы, оның ішінде жиһаз өндірісі мен техникалық қызметтер лабораторияны жабдықтауға белсене қатысуда.

Бұл бастаманың тағы бір маңызды нәтижесі – ғылыми жетістіктердің жас зерттеушілердің еңбектерінде көрініс табуы. PhD докторанттары мен студенттер сирек кітаптар негізінде транскрипция, грамматикалық талдау және салыстырмалы зерттеулер жүргізіп, нәтижелерін шетелдік ғылыми журналдарда жариялап келеді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі