Бигелді Ғабдуллин: «Ел игілігі үшін қызмет етемін»
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде белгілі журналист, «Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллинмен кездесу өтті.
Кездесу кезектен тыс сайлау науқанына орай ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Алматы қаласы, Бостандық ауданы №21 сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына үміткер «Нұр Отан» ХДП өкілі Бигелді Қайырдосұлы студенттер мен оқытушы-профессорлық құрамды өзінің сайлау алды бағдарламасымен таныстырды.
«Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Өйткені олар – ертеңімізді жасайтын бүгініміз», – деген еді ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы. Баянды болашақ, ең алдымен, кішкене әлеуметтік мәселелерді шешуден бастау алады. «Қазір тұрғын үй аулалары түгелдей көлікке толы. Бостандық ауданының кей аймақтарында әлі күнге дейін ауыз су мен көшелерді жарықтандыру мәселесі өзекті болып тұр. Менің бағдарламамда ешқандай да саяси мақсат жоқ. Менің мақсатым – болашақ ұрпақтың қамы, – деді, енді тек көргенін айтатын алпысты алқымдаған азамат, – Мен енді өмірлік тәжірибеме, журналистік кәсіби қызметіме сүйеніп, ел игілігі үшін қызмет етемін».
Сондай-ақ, кездесу барысында көп қабатты көлік тұрақтарын салу мәселесі де сөз болды. Бигелді Ғабдуллин жиналған қауымның бірқатар сұрақтарына жауап беріп, жастарды сайлауға белсенді қатысуға шақырды.