Ғылымды цифрландыруFarabi University

Ғылымды цифрландыру

18 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академиясының (CAICT) делегациясы және Coremail компаниясының өкілдерімен кездесу өтті.

Жүздесу цифрлық трансформация, жасанды интеллект және бұлтты есептеу саласындағы өзара ынтымақтастықты дамыту және Қазақстан мен Қытай арасындағы озық ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесуде университеттің Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ҚазҰУ-дың жасанды интеллект, ғылымды цифрландыру және заманауи технологиялар саласындағы алдыңғы қатарлы зерттеулерін таныстырды.

Қытай тарапынан делегацияға CAICT Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Лю Руэй жетекшілік етті. Команда құрамында академияның жетекші инженерлері мен сарапшылары Шао Цзянфэн, Лю Юйсян, Чжан И және Coremail компаниясының CEO-сы Чен Лейхуа, вице-президент У Сючен мен серіктестік директоры У Юань болды.

Шара барысында Қытай ақпараттық-коммуникациялық технологиялар академиясы өз қызметі мен халықаралық ынтымақтастығының негізгі бағыттарын, Қытай-ШЫҰ үлкен деректер орталығын, цифрлық экономика саласында кадрлар даярлауға бағытталған «ШЫҰ ағашы» білім беру бағдарламасын, сондай-ақ Lunke компаниясының инновациялық технологиялары жайлы мәлімет берді. 

Сондай-ақ тараптар есептеу қуатын, бұлтты технологияларды және цифрлық сервистерді дамыту саласындағы университеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі