Диляра Гриценко Oxford Nanopore WYMM MEAI Summit 2025 халықаралық саммитіне қатыстыFarabi University

Диляра Гриценко Oxford Nanopore WYMM MEAI Summit 2025 халықаралық саммитіне қатысты

17 қазан, 2025

PhD, молекулалық биология және генетика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, Өсімдіктер биологиясы және биотехнология институтының молекулалық биология зертханасының меңгерушісі (Алматы, Қазақстан) Диляра Гриценко 2025 жылғы 13–14 қазанда Кенияның Найроби қаласында өткен Oxford Nanopore WYMM MEAI Summit 2025 халықаралық саммитіне қатысты.

Саммит «One Health» (Біртұтас денсаулық) жаһандық бастамасы аясында адам, жануар және өсімдік геномикасын интеграциялау арқылы азық-түлік пен биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған зерттеулерді жүргізіп жатқан Таяу Шығыс, Африка және Үндістан елдерінің жетекші ғалымдарын біріктірді.

Диляра Гриценко саммитте «Advances in sequencing plant viral genomes» («Өсімдік вирустары геномдарын секвенирлеудегі жетістіктер») тақырыбында баяндама жасап, өсімдік патогенді вирустарын талдауда, олардың эволюциясын бақылауда және фитопатогендердің генетикалық әртүрлілігін зерттеуде Oxford Nanopore технологияларын қолданудың заманауи тәсілдерін ұсынды.

Ғалымның баяндамасы халықаралық ғылыми қауымдастықтың қызығушылығын тудырып, агрогеномика, вирусология және биоинформатика салаларының дамуына қазақстандық зерттеушілердің қосқан үлесін көрсетті. Бұл іс-шараға қатысу БҰҰ-ның №17 ТДМ – Тұрақты даму мүддесіндегі серіктестік мақсатына сәйкес келеді.

Молекулалық биология және генетика кафедрасы