- Басты бет
- Жаңалықтар
- Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының аға оқытушысы Нұрат Ильяс Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан Стамбулдағы халықаралық симпозиумға қатысты
Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының аға оқытушысы Нұрат Ильяс Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан Стамбулдағы халықаралық симпозиумға қатысты
2025 жылғы 14-17 қазан аралығында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті Түріктану және Шығыс елдерінің тарихы кафедрасының аға оқытушысы PhD доктор Нұрат Ильяс Стамбул Даму университеті ұйымдастырған «Қаратеңіз және Каспий өңірінде тұрақтылықты іздеу» атты халықаралық симпозиумға қатысып, ғылыми баяндама жасады.
Симпозиумда әлемнің әртүрлі елдерінен келген ғалымдар, сарапшылар мен аналитиктер, сонымен қатар академиялық және дипломатиялық қауымдастық өкілдері бас қосып, тұрақты даму, геосаяси тұрақтылық және өңіраралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Нұрат Ильяс өз баяндамасында өңірдегі түркі халықтарының тарихи байланыстарын ашып көрсетіп, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтудағы мәдени-гуманитарлық диалогтың маңыздылығын атап өтті. Оның ғылыми баяндамасы халықаралық академиялық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланды.

Іссапар аясында оқытушы Түркияның бірқатар жетекші ғылыми және білім беру мекемелерінде болды. Атап айтқанда, Ислам тарихы, өнері және мәдениетін зерттеу бойынша халықаралық зерттеу орталығы (IRCICA), Стамбул университеті және Шығыстану институтына барып, академиялық алмасу, бірлескен ғылыми жобалар мен жарияланымдар мәселелері бойынша келіссөздер жүргізді.

Айта кету керек, Нұрат Ильяс халықаралық ғылыми кеңістікте белсенді қызмет атқарып келеді және жыл сайын беделді симпозиумдар мен форумдарға қатысып, ҚазҰУ атынан баяндама жасап жүр. Оның ғылыми қызметі университеттің халықаралық ынтымақтастығын нығайтып, оны гуманитарлық зерттеулер мен мәдениетаралық диалогтың жетекші орталығы ретінде танытуға елеулі үлес қосып отыр. Мұндай ғылыми іссапарлар университет оқытушыларының кәсіби дайындығының жоғары деңгейін көрсетіп, халықаралық әріптестікті дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Э.З. Дулаева, Халел А.