РФ Президенті Әкімшілігінің өкілдері ҚазҰУ қызметімен таныстыFarabi University

РФ Президенті Әкімшілігінің өкілдері ҚазҰУ қызметімен танысты

22 қазан, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Ресей Федерациясы Президенті Әкімшілігінің басқарма басшысы Николай Овсиенко мен тарих ғылымының докторы, Ресей ғылым академиясы Шығыс зерттеулері институтының Шығыс тарихы бөлімінің меңгерушісі Александр Васильев арнайы келді.

 

Алдымен меймандар ҚазҰУ музейінде болып, университеттің қалыптасу тарихы мен даму кезеңдері туралы жан-жақты ақпарат алды. Білім ордасының соңғы жетістіктері таныстырылып, халықаралық рейтингтердегі жоғары көрсеткіштері жайлы мәлімет берілді.

Құрметті қонақтарды ректор Жансейіт Түймебаев  қарсы алып, шағын құрамда келіссөз жүргізді. Тараптап ҚазҰУ мен Ресей жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты дамыту жөнінде пікір алмасты.

Кейін Николай Овсиенко мен Александр Васильев университет базасындағы Farabi Supercomputer орталығының қызметімен танысты. Мұнда орталық мамандары суперкомпьютердің қазіргі заманғы ғылыми зерттеулерде, атап айтқанда үлкен деректерді өңдеу, модельдеу және есептеу процестерінде қолданылу бағыттарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Бұл орталықтың қызметі университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, сондай-ақ халықаралық ғылыми қауымдастықта беделін нығайтуға ықпал ететіні айтылды.

Сонымен қатар ҚазҰУ-ға жұмыс сапары барысында Николай Овсиенко мен Александр Васильев Фараби кітапханасында болды. Мұнда кітапхана қорымен, оның ішінде сирек кездесетін тарихи және ғылыми басылымдармен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі