Атом саласы мамандары тәжірибе алмасты

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстанның атом саласы сарапшылары мен Ресейдің Ұлттық ядролық зерттеу университеті МИФИ филиалының түлектеріне арналған «Ядролық білім: индустрия болашағының кадрлары» атты ғылыми-тәжірибелік семинар өтті.
Басқосу ядролық білім мен ғылым саласында тәжірибе алмасу, индустрияның кадрлық әлеуетін арттыру және Қазақстан мен Ресейдің ғылыми серіктестігін нығайтуға бағытталды.
Семинардың ашылуында ҚазҰУ базасындағы НИЯУ МИФИ филиалының кураторы Нұрлан Нұрахов құттықтау сөз сөйлеп, ядролық саладағы кадр даярлау жүйесін жетілдірудің өзектілігін атап өтті.
«Бүгінгі семинар – екі елдің білім және ғылым саласындағы ұзақ мерзімді әріптестігінің жарқын көрінісі. Біздің стратегиялық серіктесіміз – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ерекше алғыс білдіргім келеді. Біз сіздердің қонақжайлықтарыңызды жоғары бағалаймыз. ҚазҰУ базасында филиалымыздың орналасуы бізге қазақстандық және ресейлік ғылыми және білім беру дәстүрлері негізінде жаңа буын мамандарын тәрбиелеуге мүмкіндік береді», – деді Нұрлан Нұрахов.
Шара барысында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибрайымов сөз сөйлеп, ядролық технологиялар саласындағы зерттеу мен инновацияны дамытуда университеттер арасындағы серіктестіктің маңызына тоқталды.
Сонымен қатар шара барысында Алматыдағы Ресей Ынтымақтастығы өкілдігінің басшысы, РФ Бас консулдығының вице-консулы Марина Симакова, онлайн форматта «Росатом» мемлекеттік корпорациясының білім беру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі жобалық кеңсесінің аға менеджері Валентина Упирова және өзге де сарапшылар өз ой-пікірлерін білдірді.
Семинар аясында Қазақстанның атом өнеркәсібі сарапшылары, жас ғалымдар және магистранттар ашық пікірталас өткізіп, ядролық энергетикадағы заманауи үрдістерді, инновациялық технологияларды және кадрлық саясатты талқылады. Қатысушылар білім мен ғылымның өзара ықпалдастығын арттырудың нақты жолдарын ұсынды.
Шара соңында Қазақстан филиалында магистратура бойынша білім алған 2025 жылғы түлектерге диплом табысталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

