ҚазҰУ-да Республика күніне арналған күзгі жәрмеңке өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Республика күні мен Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай, күзгі жәрмеңке ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, профессорлар, оқытушылар, студенттер мен шетелдік қонақтар қатысты.
Жәрмеңкеде ҚазҰУ-дың агробиостанциясының табиғи өнімдері ұсынылды. Онда 500 келіден астам жаңа жиналған көкөніс пен жемістер – картоп, сәбіз, қырыққабат, асқабақ, қызанақ, болгар бұрышы, баклажан және алма болды. Биология және биотехнология факультетінің деканы Меруерт Құрманбаева атап өткендей, бұл өнімдер Қапшағай суқоймасы маңындағы 10 гектар жерге егілген. Мұнда докторанттар мен магистранттар инновациялық агротехнологияларды қолдана отырып, ғылыми тәжірибелер жүргізеді. «Бүгін біз агробиостанциямыздың егістік алқаптары мен жылыжайларында өсірілген өнімдерді зор мақтанышпен ұсынып отырмыз», – деді М.Құрманбаева.
Бағдарлама аясында география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева студенттер арасында экологиялық ойлау мен «жасыл» бастамаларды дамытуға бағытталған «ҚазҰУ Эко-хабының ECO Network-пен бірлескен қызметін кеңейту және коммерцияландыру» жобасын таныстырды. Қонақтар мен шараға қатысушылар «Көкжиек-Горизонт» баспасының тарих, мәдениет және ғылым саласындағы жаңа басылымдарымен танысты.

Көрмеде қолөнер бұйымдары ерекше қызығушылық тудырды. Сөмкелер, кілемдер, гобелендер, гипс мүсіншелері, ұлттық әшекейлер мен кәдесыйлар университеттің шеберлері мен студенттерінің қолымен жасалған. Айрықша назар аудартқан жобалардың бірі – жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің студенттері ұсынған зергерлік және тоқыма бұйымдарын таныстырған «Жас шебер» стартапы болды.


Жәрмеңкеде ҚазҰУ-дың «Көмек» қайырымдылық қоры да жәрмеңкеде өз қызметін көрсетті. Студенттердің өз қолымен әзірлеген тағамдарды сатудан түскен қаражат балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін және қарттар үйіндегі аға буынды қолдауға бағытталмақ.
Журналистика факультетінің 1-курс студенті Аружан Келіс жәрмеңке туралы өз әсерімен бөлісіп, бұл жай ғана мереке емес, шығармашылық пен ұлттық бірліктің ерекше рухын сезінуге мүмкіндік берген тамаша шара екенін айтты. «Бұл дата – тарихи күндерге деген құрметтің және ҚазҰУ студенттерінің шығармашылық әлеуетін танытудың көрінісі. Әсіресе барлық бұйымдардың студенттердің өз қолымен жасалғаны ерекше шабыт береді. Әр туындыдан еңбекке, өнерге және дәстүрге деген сүйіспеншілік сезіледі», – деді Аружан Келіс.


Жәрмеңке қонақтары мен қатысушылары үшін ҚазҰУ-дың 15 факультеті, университет асханалары және «Парасат» кәсіподағы бірігіп 1000 келі палау мен 500 келі бауырсақ әзірледі. Мереке барысында патриоттық әндер шырқалып, зияткерлік ойындар ұйымдастырылды. Сонымен қатар қазақша күрес, асық ату, арқан тарту және тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.


Қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған көркемсурет галереясында Қазақстанның белгілі суретшісі, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Болат Хамзиннің туындылары мен Республика күніне арналған «Болон үдерісі жөніндегі студенттік бюроның» шығармашылық жұмыстары қойылды.





Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі