Жазғы мектепте ЖИ мүмкіндіктері талқыландыFarabi University

Жазғы мектепте ЖИ мүмкіндіктері талқыланды

30 шілде, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық білім беру кеңістігіндегі беделінің артуы мен сыртқы академиялық ұтқырлық саясатын тиімді жоспарлау мен ұйымдастыру мақсатында Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы Араб бөлімі ұйым­дастырған Халықаралық жазғы мектеп өз мәресіне жетті.

 

Жазғы мектепке Түркия (Gaziantep İslam Bilim Ve Teknoloji Üniversitesi, İslami İlimler Fakültesi, Ez-Zehraa Üniversitesi, Arab Dili Fakültesi, Газиантеп), Италия (L'Orientale универ­си­теті, Неаполь), Мысыр Араб Республикасы (әл-Азһар уни­вер­сиеті, Каир), Бангладеш (Dhaka университеті, Дакка) ел­деріндегі бірқатар ЖОО-лар­дың білім алушылары қа­тысты.

Жазғы мектептің мақсаты – білім алушылардың шет тілін үйренудегі дағдыларын жетіл­діруге, заманауи технология мүмкіндіктерін пайдалану ар­қылы араб тілі мен әдебиетін, тарихы мен мәдениетін терең түсініп, сол тілде қарым-қа­ты­нас орнату мүмкін­дік­те­ріне жол ашуға бағытталады. Жа­санды интеллект техно­ло­гия­ларын араб тілін үйренуде қол­дану – мың жылдық тарихы тілдік мұ­раны заманауи тех­но­логия мүм­кіндіктерімен бай­ла­ныс­тыратын алтын көпір іс­­пет­ті.

Араб бөлімінің оқытушы-профессорлар құрамы мен бө­лімнің шетелдік шақырылған профессорларынан тұратын ха­­лықаралық жазғы мектеп спикерлері ЖИ-дің араб тілін үйренушілерге оңтайлы әрі ин­те­рактивті оқу тәжірибесін ұсы­­натынын, ол арқылы білім алу­шыларға араб тілін оңай әрі қызықты үйренуге көмек­те­сетін ойындар мен интерак­тив­ті қосымшалар әзірлеуге, әрбір оқушының жеке қа­жет­тілігін анықтап, оның қабілеті мен білім деңгейіне сай білім беру тәжірибесін ұсынатын бағ­­дарламалар мен электрон­дық кітаптар, аудиожазбалар, бейнесабақтар, тесттер, оқу ойындарынан тұратын онлайн араб тілі курстарына арналған бағдарламалар, араб тілін үй­ре­туге арналған мобильдік қо­сым­шалар мен оқу, жазу және сөйлеу дағдыларын да­мы­туға септігін тигізетін араб тіліне арналған бейне ойындар сын­ды түрлі оқу ресурстарын жа­сау мүмкіндіктері бар екенін тео­рия және практика жүзінде түсіндірді.

Жазғы мектеп спикерлері жасанды интеллектіні араб тілін оқытуда қолданудың ар­тық­шылықтары мен қиын­шы­лық­тарына арнайы да тоқталып өтті: ЖИ арқылы араб тілін жеке оқу әр студенттің қажеттілігіне сай бейімделген оқу тәжі­ри­бесін ұсынатыны, инте­рак­тив­тік ойындар мен қосымшалар оқу процесін қызықты әрі бел­сен­ді ететіні, 24 сағат білімге қол жеткізу, кез келген жерде оқу сынды тұрақты білім алу мүмкіндігіне ие бола алу – шет тілін үйренуде ЖИ қолданудың артықшылықтары саналса, ЖИ ұсынған кейбір деректің ғы­лыми немесе танымдық не­гізінің болмауы, қателікке жол беретін ақпараттардың кез­де­сетіні – ЖИ қолданудың кем­ші­ліктері екенін атап өтті.

Жазғы мектеп қаты­су­шы­лары араб тілінде ком­му­ни­ка­ция орнату дағдыларын қа­лып­тастыру, араб тілінің фо­­нетикалық ерекшеліктерін, дауысты және дауыссыз ды­быс­тардың дыбыстық бей­не­лерін, артикуляциялық ерек­ше­ліктерін түсіндіру, қазіргі заманғы білім беру тех­но­ло­гияларын (араб грамматикасы бойынша онлайн-жаттығулар, онлайн-сөздіктер) когнитивті мақсатта пайдалануды үй­ре­тудің ЖИ арқылы оңтайлы әдіс-тәсілдері жайлы мол ақпарат ала алды.

Халықаралық жазғы мектеп қатысушыларына арнайы сер­ти­фикаттар табыс етілді.

Айдынгүл ХАВАН,

Шығыстану факультеті

Араб бөлімінің меңгерушісі