Атом энергетикасы мен цифрландырудағы жаңа міндеттер
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысы өтті. Бұл жиында екі ел арасындағы сенімді серіктестіктің жаңа қырлары айқындалды.
Президент Қазақстанның Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толық қолдайтынын атап өтіп, бұл жоба еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа технологиялар трансферіне жол ашатынын жеткізді. Осы үдерісте кадр даярлау ісіне ұлттық университеттердің белсенді атсалысуы маңызды екені де айтылды.
Атом энергетикасындағы жаңа кезең
Қазақстанда атом энергетикасын дамыту – стратегиялық міндет. Бұл бағытта Қытайдың тәжірибесін пайдалану және ядролық технология саласында мамандар даярлау күн тәртібіне шықты. Президенттің CNNC (China National Nuclear Corporation) басшылығымен кездесуінде екіжақты ықпалдастықтың жаңа мүмкіндіктері талқыланды.
Атом электр станциясы құрылысы – энергетикалық тәуелсіздіктің кепілі ғана емес, жоғары технологиялық өндірістің дамуына серпін беретін маңызды қадам. Мұндай жобаларды жүзеге асыруда отандық ғылыми мектептердің үлесі шешуші рөл атқарады.
ҚазҰУ – ядролық мамандар ұстаханасы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті атом энергетикасы мен ядролық физика бойынша кадр даярлауда көшбасшы орталық саналады. Қазіргі уақытта бұл бағытта 455 студент білім алуда. Олардың қатарында «Ядролық физика», «Ядролық медицина», «Ядролық инженерия» мамандықтарының студенттері мен жас ғалымдары бар.
Университет «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-мен бірлесіп жаңа оқу бағдарламаларын іске қосуда. Сондай-ақ студенттер Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында қосдипломдық білім алып, CERN ядролық зертханасында тағылымдамадан өтуде.
Жасанды интеллект пен цифрландыру
Президент Қытайдың цифрландырудағы жетістіктерін жоғары бағалап, Қазақстан бұл салада ынтымақтастыққа ашық екенін атап өтті. Сарапшылар болжамынша, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 трлн долларға жетуі мүмкін.
Қазақстан да бұл үдеріске ілесіп, аймақтағы алғашқы суперкомпьютерді іске қосты. ҚазҰУ-да Huawei орталығы және Қазақстан-Қытай бірлескен Цифрлық технологиялар мен робототехника орталығы табысты жұмыс істеп келеді. Мұнда электроника, телекоммуникация, фотоника салаларында 749 студент білім алуда.
Қазақстан – Қытай стратегиялық әріптестігі дәстүрлі салаларды ғана емес, жаңа технологиялық бағыттарды да қамтиды. Атом энергетикасы мен цифрландыру – осының айқын дәлелі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылымға негізделген кадрлық әлеуетті қалыптастыруға және еліміздің технологиялық дамуына үлес қосып отырған жетекші білім ордасы ретінде бұл серіктестіктің белсенді қатысушысы бола бермек.
Нұрзада БЕЙСЕН,
профессор,
физика-техникалық факультетінің деканы
Басқа жаңалықтар