Еліміз әлемдік уран өндірісінде жетекші орында екені белгілі. Сондықтан болашақ атом энергетикасы, соның ішінде елімізде салынатын атом электр станциясы (АЭС) үшін қауіпсіздік пен технологиялық даярлық мәселелері ерекше маңызды. Бұл бағытта уран өндіру кәсіпорындары мен жоғары оқу орындары арасындағы байланыс кәсіби мамандарды даярлаудың кепілі болып отыр. Осыған орай, ҚазҰУ оқытушыларының «Волковгеологиядағы» тағылымдамасы аясында ғылым, өндіріс және болашақ АЭС мәселесі бойынша маман даярлау барысына сай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлар құрамы «Волковгеология» ЖШС («Қазатомөнеркәсіп») бөлімшесінде тағылымдамадан өтті. Тағылымдамаға біз де қатыстық.
Бағдарлама аясында ҚазҰУ оқытушылары уран өндірудің технологиялық процестерін, геологиялық барлау әдістерін зерттеп, радиациялық бақылау зертханаларында тәжірибе жинады. Олар гамма-спектрометрлерді калибрлеу, альфа және бета-белсенділікті өлшеу, су, ауа және топырақ сынамаларын талдау әдістерін меңгерді.
Бұл дағдылар тек ғылыми-зерттеу үшін ғана емес, болашақта АЭС-тің қауіпсіз жұмысы мен радиациялық бақылауды қамтамасыз етуде де шешуші рөл атқаратыны белгілі. Ғылым мен білім тоғысында алынған тәжірибе ҚазҰУ-дың білім беру процесіне енгізілмек. «Уран ісі», «Радиациялық қауіпсіздік негіздері», «Гамма-спектрометрия», «Дозиметрия және жарықтанудан қорғау» сияқты пәндер мазмұны жаңартылып, студенттердің практикалық даярлығы артады.
Сонымен қатар тағылымдама ҚазҰУ ғалымдары мен «Волковгеология» инженер-экологтары арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, ғылыми-зерттеу жобаларына жаңа мүмкіндіктер ашты әрі студенттердің практикалық тәжірибесі мен іс-шаралар өтуге келісімшарттар жасалуда.
Қазіргі таңда болашаққа бағдар ретінде елімізде АЭС салу мәселесі стратегиялық маңызға ие болып отыр. Бұл тек энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету емес, сондай-ақ жоғары технологиялық ғылым мен өндірісті ұштастыруды қажет ететін мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, ҚазҰУ оқытушыларының «Волковгеологиядағы» тағылымдамасы тек жеке кәсіби тәжірибе емес, сонымен қатар елдің ядролық энергетика саласындағы болашақ дамуына қосылған үлесі деп ойлаймыз.
Сәуле ЖАУҒАШЕВА,
Теориялық және ядролық физика кафедрасының доценті, ф.-м.ғ.к. PhD
Гозял САЙДУЛЛАЕВА,
аға оқытушы
Басқа жаңалықтар